Malim.kz
Оқиға

"150-ге жуық адам": «Ахмат» батальоны Украинада шығынға ұшырады

Сабина Асқарқызы
dw.com

Украина Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасы Ресейдің «Ахмат» батальонына қатысты ауқымды арнайы операция жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, операция Сумы бағытында жүзеге асырылған. Оған украин барлауының агенті, «Шаманбат» арнайы жасағы, «Горынь» аумақтық қорғаныс бригадасы және агенттік операциялар бөлімі қатысқан көрінеді.

Украина барлауының мәліметінше, операцияның табысты өтуіне «Ахмат» құрамында бұрын қызмет еткен агент шешуші рөл атқарған. Ол 2025 жылдың басында украин барлауымен байланыс орнатқан. Кейін ол «Ахмат» командирлері жиналатын бөлмеге тыңдау құрылғысын орнатқан. Бұл құрылғы майдан шебінен арғы бетке FPV-дрон арқылы жеткізілген.

Соның нәтижесінде украин тарапы батальон басшылығының сөйлесулерін тыңдап, алынған ақпарат негізінде олардың қозғалысы мен шоғырланған орындарына дәл соққылар жасаған. Украина тарапының дерегінше, екі ай ішінде «Ахмат» батальоны елеулі шығынға ұшыраған: 41 адам қаза тауып, 87-сі жараланған, ал 100-ден астам әскери қызметкер хабар-ошарсыз кеткен.

Сондай-ақ, 160-тан астам бронетехника мен автокөлік жойылып немесе зақымданғаны айтылады. Бұған қоса, 25-тен астам ұшқышсыз ұшу аппараты, байланыс құралдары, радиоэлектрондық күрес және барлау жүйелері, инженерлік техника, қару-жарақ пен жанармай қоймалары істен шығарылған.

Ал «Ахмат» қолбасшысы Апти Алаудинов бұл мәлімдемені жоққа шығарып, оны «жасанды интеллекттің туындысы» деп атады. Ол Украина барлауының айтқандарын мысқылмен қабылдап, егер шынымен екі ай бойы тыңдалса, неге осы уақыт ішінде нақты әрекет жасалмағанын алға тартты. Сонымен қатар, ол бұл ақпараттық шабуыл екенін атады. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары