Malim.kz
Құқық

16 жастағы қыздың зорлануы: 9 сотталушы кассациялық сотқа шағым түсірді

Айбын Атабай
zhaikpress.kz

Қызылордада 16 жастағы қызды сексуалдық құлдықта ұстаған 9 сотталушы кассациялық сотқа шағымданды. Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың колл-орталығы растады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сотталушылардың кассациялық шағымы бойынша сот тыңдауы бүгін, яғни 12 қараша күні сағат 15:00-де өтеді. Сот отырысы жәбірленушінің мүддесін қорғау мақсатында жабық режимде өткізіледі, - деді кассациялық соттың колл-орталығы.

Айта кетейік, аталған іс бойыша апелляциялық сот отырысы биыл 27 мамырда өткен болатын. 

Еске салсақ, 2024 жылдың ақпанынан бастап үйіне келмей кеткен 16 жастағы қыздың оқиғасы қоғамды дүрліктірді. Отбасының жалғыз баласы болған қызды сыныптастары мен басқа да адамдар жезөкшелікке мәжбүрлеп, ұзақ уақыт құлдықта ұстағаны анықталған. 

Ата-анасы полицияға бірнеше рет хабарласқанымен, құзырлы орган қызды іздеудің орнына «ата-ана құқығынан айырамыз» деп қорқытқан. Амалы таусылған ата-ана қызын өздері іздеген. Қыз бірде «кафеде даяшымын», бірде «гүл сатамын» деп алдаған. Ата-анасы барған жерде қыз болмай шыққан. Кейін белгілі болғандай, оны ұстаушылар ата-анасының шу шығармауы үшін осылай істеткен.

Сонымен қатар ҚР ІІМ Тергеу департаменті іс Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі (кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту) бойынша тергеліп жатқанын растаған еді. 

Қызылорда қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты 9 адамға үкім шығарды. Іс толық жабық режимде қаралды.  

Сот материалдарына сәйкес, оқиға орнын қарау хаттамалары, бейнежазбалар, WhatsApp чаттары, банктік транзакциялар, сот-медициналық және психологиялық сараптамалар, сондай-ақ жәбірленушінің егжей-тегжейлі жауабы арқылы толық расталды. 

Сонымен қатар оқиға салдарынан Қызылордадағы № 7 мектеп-лицейдің директоры, тәрбие жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі және екі сынып жетекшісі қызметінен босатылды. 

 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары