Malim.kz
Саясат

160 мың педагог ChatGPT Edu қызметін тегін пайдалана алады – «Әділет» партиясының кандидаты

Арман Қайыпхан
Фото: Жетінші арна

Саяси партиялардың телевизиялық сайлауалды дебатында «Әділет» партиясының кандидаты Рауан Кенжеханұлы мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әлеуметтік желі қолданушыларының «Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту үшін қандай үш нақты құжатты білім жүйесінен алып тастар едіңіз?» деген сұрағына жауап берген кандидат қазіргі таңда мектептерге енгізіліп жатқан жасанды интеллект құралдары педагогтердің күнделікті жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, биыл «Әділет» партиясы мүшелерінің бастамасымен әлемдік OpenAI компаниясымен бірлесіп, білім беру саласына арналған арнайы ChatGPT Edu қызметі іске қосылды. Соның нәтижесінде Қазақстандағы 160 мың педагог сервисті тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

«Соның арқасында мұғалімдердің сабақ жоспарларын құру, түрлі есептерді дайындау сияқты уақыт алатын жұмыстары автоматтандырылды. Мектеп директорлары мен білім басқармаларының басшылары мектептің жай-күйін терең талдап, алдағы өзгерістерді алдын ала болжай алады. Оқушылар саны қалай өзгереді, білім сапасы қай деңгейде, әр баланың талантын қалай ашуға болады – осының бәрін технологиялардың көмегімен анықтап, соған сай шешім қабылдауға мүмкіндік бар», - деді ол.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, заманауи технологиялардың көмегімен мектептегі дарынды оқушыларды да, қосымша қолдауды қажет ететін балаларды да дер кезінде анықтауға болады. Сондай-ақ оқу үлгерімі төмен оқушыларға қандай қолдау қажет екенін және озат оқушылардың әлеуетін қалай дамытуға болатынын талдауғаболады. Бұл тәсіл білім беруді жекелендіру қағидатына негізделген.

Спикердің айтуынша, технологиялардың тиімділігі тек үш құжатты қысқартумен шектелмейді. Олар білім беру жүйесіндегі көптеген үдерісті автоматтандырып,мұғалімдердің уақытын үнемдейді әрі оқу сапасын арттырады.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында жеті саяси партияның қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат өтіп жатыр. Төрт кезеңнен тұратын дебат -білім беру жүйесін дамыту тақырыбына арналған. 

Дайындаған: 

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары