17 қазан Қазақстан тарихында мәдени ескерткіштердің ашылуымен, халықаралық байланыстардың орнауымен есте қалды. Әлем жылнамасында да бұл күнге қатысты маңызды оқиғалар аз емес, деп хабарлайды Malim.kz.
1931 жыл – Аль Капоне салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылды
17 қазанда Чикагода әйгілі қылмыстық топ басшысы Аль Капоне салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылды. Кейін оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл іс ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес тарихындағы ең белгілі сот процестерінің бірі ретінде есте қалды.
1987 жыл – Парижде жүз мыңнан астам адам кедейлік құрбандарын еске алды
Осы күні Париждегі Трокадеро алаңына жүз мыңнан астам адам жиналып, аштықтан, жоқшылық пен зорлық-зомбылықтан көз жұмғандарға тағзым етті. Жиналғандар кедейліктің адам құқықтарын бұзатынын айтып, оған қарсы бірлесіп күресуге шақырды.
Кейін бұл бастама халықаралық деңгейде қолдау тапты. 1992 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 қазанды Халықаралық кедейшілікті жою күні деп жариялады.
1989 жыл – Калифорнияда жойқын жер сілкінісі болды
17 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 17:04-те АҚШ-тың Калифорния штатында магнитудасы 6,9 болатын Лома-Приета жер сілкінісі тіркелді. Сан-Франциско мен Монтерей шығанағы маңындағы елді мекендер қатты зардап шекті.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, апаттан 63 адам қаза тауып, 3 757 адам жараланды. Көпірлер, жолдар мен ғимараттар бүлініп, мүліктік шығын шамамен 6 миллиард долларға бағаланды. Бұл Сан-Франциско шығанағы аймағындағы 1906 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі болды.
1992 жыл – Жанқожа батырға ескерткіш орнатылды
Қызылорда облысының Қазалы ауданында Жанқожа батырға ескерткіш орнатылды. Ол қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресін бастаған тарихи тұлғалардың бірі. Ескерткіш батырдың ел қорғау жолындағы еңбегін ұлықтауға арналды.
1992 жыл – Қазақстан мен Қасиетті Тақ дипломатиялық қатынас орнатты
17 қазанда Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасында ресми дипломатиялық қатынас орнады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның халықаралық байланыстары кеңейе бастаған кезеңдегі маңызды қадамдардың бірі болды.
2011 жыл – Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды
Осы күні Алматыда композитор, дирижер, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевке арналған ескерткіш ашылды. Қазақ музыкасына мол мұра қалдырған өнер иесін ұлықтаған бұл оқиға елдің мәдени жылнамасына енді.
2017 жыл – Қазақтың латын қарпімен басылған кітаптары Парижде таныстырылды
ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" кітап көрмесі ашылды. Көрмеге 1929–1940 жылдары латын қарпімен жарық көрген басылымдар қойылды.
Олардың арасында алғашқы қазақ әліпбиі, тіл біліміне арналған еңбектер, Абай туындылары, Ахмет Байтұрсынұлы мен Сәкен Сейфуллиннің шығармалары болды.