Алматының Наурызбай ауданында 17 жастағы қыз көпқабатты үйдің терезесінен құлап, қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
Halyqstan телеграм арнасының жазуынша, қайғылы оқиға Жүнісов көшесіндегі Alma City тұрғын үй кешенінде болған.
Марқұмның анасының айтуынша, кәмелетке толмаған қыз құрбыларына қонаққа барған. Анасы қызына телефон соққан кезде, компанияда алкогольдік ішімдік ішіліп жатқанын біліп, оған ескерту жасаған.
Куәгерлердің сөзінше, осыдан кейін қыз жігітіне хабарласып, өзін үйіне алып кетуін өтінген. Жігіт тұрғын үй кешеніне келгенімен, пәтерге көтеріліп үлгермеген. Сол уақытта қыз терезеден құлап кеткен.
Алматы қаласының Полиция департаменті кәмелетке толмаған қыздың қаза болғанын растады.
— Аталған дерек бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.