Әлеуметтік желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тараған еді, деп хабарлайды Malim.kz.
Жағдайға Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді:
“Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы “Азаптау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қажетті іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары толық әрі жан-жақты тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарына қатаң сәйкес негізделген процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті.
Еске салайық, Түркістан облысына қарасты Шілік ауылында 27 жастағы Құндыз бен 33 жастағы Назгүл есімді қыздарды аға-жеңгесі құлдықта ұстап, жылдар бойы қорлап келген. 17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды.
Қазір қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова. Ол – 17 балаға қамқоршылық жасап отырған ана. Екі қызды да өз қамқоршылығына алған. Зүлфия Төленова қыздардың тағдырына әрі қарай өзі жауапты екенін алға тартты.