Malim.kz
MALIMet

18 қараша несімен есте қалды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

18 қараша Қазақстан тарихында қандастардың елге қоныс аударуына қатысты қаулының қабылдануымен, мәдени мұраны танытқан көрмелермен және табиғатты қорғау шешімімен байланысты. Әлемде бұл күні әйгілі Микки Маус қатысқан мультфильмнің тұсауы кесіліп, ғаламның пайда болуын зерттеуге арналған жерсерік ұшырылды. Malim.kz осы күнгі маңызды оқиғаларға шолу ұсынады.

1991 жыл: қандастардың елге қоныс аударуына қатысты қаулы қабылданды

1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті №711 қаулыны қабылдады. Құжат басқа республикалар мен шетелдерден Қазақстанның ауылдық жерлеріне жұмыс істеуге келгісі келген этникалық қазақтарды қоныстандыру тәртібі мен шарттарын белгіледі.

Бұл шешім Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудан бір айға жуық уақыт бұрын қабылданған еді. Қаулы шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына қоныс аударуын мемлекеттік деңгейде ұйымдастыруға негіз болған құжаттардың бірі саналады. 2026 жылы оның қабылданғанына 35 жыл толады.

2020 жыл: Каспий итбалығын қорғауға қатысты шешім күшіне енді

2020 жылғы 18 қарашада Каспий итбалығын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар тізіміне енгізген Үкімет қаулысы күшіне енді. Тізім сүтқоректілердің осы түрімен толықтырылды.

Осылайша Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, оны қорғаудың құқықтық негізі күшейтілді. Бұл күн елдегі жануарлар дүниесін сақтау тарихындағы маңызды шешімдердің бірімен есте қалды.

2020 жыл: Ұлттық музейде ежелгі өнер залы ашылды

Осы күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологияларына арналған зал ашылды.

Экспозицияға Есік, Берел, Талды, Тақсай және басқа қорғандардан табылған алтын бұйымдар қойылды. Олардың арасында скиф-сақ дәуіріндегі "аң стилімен" жасалған жәдігерлер бар. Көрме келушілерге көне зергерлердің шеберлігі мен далалық өркениеттің өнерін таныстырды.

2021 жыл: қазақ телевизиясының тұлғаларына құрмет көрсетілді

2021 жылғы 18 қарашада "Қазақстан" телерадиокорпорациясында Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев және Шерхан Мұртазаның бюсттері ашылды.

Сонымен бірге Радио хабарлары мен телевизия комитетінің алғашқы төрағасы Қанапия Мұстафинге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Бұл бастама қазақ телевизиясының қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген тұлғалардың есімін ұлықтауға арналды.

1928 жыл: Микки Маусты әлемге танытқан мультфильм көрсетілді

1928 жылғы 18 қарашада "Steamboat Willie" мультфильмінің тұсауы кесілді. Онда Микки Маус пен Минни көрерменге ұсынылды. Сондықтан 18 қараша осы кейіпкерлердің туған күні ретінде аталып өтеді.

Мультфильмдегі қимыл мен дыбыстың үйлесуі туындының ерекшелігі болды. Кейін Микки Маус Disney компаниясының басты символдарының біріне айналды. 2026 жылы әйгілі көрсетілімге 98 жыл толады.

1989 жыл: ғаламның ең көне сәулесін зерттейтін жерсерік ұшырылды

1989 жылғы 18 қарашада NASA-ның COBE жерсерігі Жер орбитасына шығарылды. Оның міндеті ғаламның ерте кезеңінен қалған ғарыштық микротолқынды сәулеленуді зерттеу болды.

Қарапайым тілмен айтқанда, аппарат Үлкен жарылыстан кейін қалған сәулені өлшеді. Жиналған деректер ғаламның пайда болуы туралы теорияны қуаттап, галактикалардың қалыптасуын түсіндіруге көмектесті. Осы зерттеулерге байланысты Джон Мазер мен Джордж Смут 2006 жылы физика бойынша Нобель сыйлығын алды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары