Malim.kz
Құқық

18 тісі бірден жұлынған қыздың өлімі. Сотта стоматологиялық клиниканың заң бұзғаны анықталды

Айбын Атабай
freepik.com

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Дент Парк» клиникасының анестезиологына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаровтың айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің жоспардан тыс тексерісі нәтижесінде стоматологиялық клиниканың қызметінде көптеген заң бұзушылық анықталған, деп хабарлайды Malim.kz  Azattyq Ryhy-на сілтеме жасап. 

Ресми тексеру актісіне сәйкес, клиникада 2020 жылы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген стоматологиялық науқас картасы жоқ болған. Бұл бұйрық есеп құжаттарын жүргізу формаларын және оларды жүргізу ережелерін реттейді.

«Төлемдік медициналық қызметтерге арналған типтік келісім бекітілген формада жасалмаған. Сол сияқты, пациенттің келісімі де талаптарға сәйкес рәсімделмеген. Бұдан басқа, клиникада кеңес парақтарының үлгілері жоқ болды, бұл да Денсаулық сақтау министрлігінің нормаларын бұзу болып саналады», - деді Шалқаров.

Айыптаушының айтуынша, бірнеше баланың тісіне қатысты құжат дұрыс жасалмаған. 52, 51, 61, 62, 75, 85 тістерінде «сүт тісінің пульпиті» деген диагноз қойылған, бірақ Халықаралық аурулар классификациясы (МКБ-10) бойынша диагноз көрсетілмеген, жұмыс классификациясы бойынша толық сипаттама берілмеген, аурудың сипаты мен формасы көрсетілмеген.

«55, 54, 53, 63, 65, 74, 73, 72, 81, 82, 83, 84 тістерде «кариес» диагнозы көрсетілген, бірақ МКБ коды мен толық клиникалық сипаттама жоқ», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Ол медициналық құжаттағы уақыт көрсеткіштері мен видео материалдар арасындағы сәйкессіздіктер де актіде көрсетілгенін айтып өтті.

«Клиника ЭКГ таспасын немесе монитор жазбасын ұсынбады, олар анестезиолог дәрігердің наркоз кезінде және науқастың жағдайы нашарлаған сәттегі жүрек ырғағының бұзылуын растауы тиіс еді. Видеожазбаларда монитор көрсетілмеген, сараптама бойынша жүрек патологиясы болмаған», - деді Шалқаров.

Сонымен қатар, науқас ағзасынан кетотифен, супрастин және кальций препараттары табылған, олар медициналық құжатта көрсетілмеген, бірақ видеожазбаларда көрініп, сараптама арқылы расталған. Тексеру 2023 жылғы 30 наурыздағы Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші медициналық-санитарлық көмек көрсету стандарттарын реттейтін бұйрық талаптарының бұзылғанын да анықтады.

Медициналық жазбаларда ауызішілік рентген деректерінің интерпретациясы жоқ, бұл стоматологиялық құжат жүргізудің міндетті элементі. Сондай-ақ, «OLIMP» клиникасында жасалған зертханалық зерттеулердің интерпретациялары берілмеген.

Тәуелсіз сарапшы, балалар стоматологының қорытындысы бойынша 52, 61, 62, 61 тістерді емдеу витальді экстирпация әдісімен жүргізілген, бұл балалардағы пульпитті емдеудің №11- клиникалық протоколына сәйкес келеді. Алайда сарапшы түбір арнасын толық обтурацияламағанын атап өтті, бұл кейін асқынуға, соның ішінде периодонтиттің дамуына әкелуі мүмкін.

Асқынуларды алдын алу мақсатында пациентке суспензия түрінде 312,5 мг Амоксиклавты 3 күнге, күніне 3 реттен тағайындалған. Сарапшылар мұны негізді деп таныды, бірақ құжаттарда бір рет қабылдауға арналған мөлшер көрсетілмеген.

Еске салсақ, өткен сот отырысында қыздың әкесі Талғат Құмаров 2024 жылғы 30 қазан күні қызының Севоран препаратымен анестезия алып, тісін емдеткенін айтқан.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары