АҚШ-та ұйымдастырылған аукционда жарты ғасырдан астам тарихы бар Ferrari автокөлігі 18,9 миллион долларға сатылды. 1967 жылы шығарылған сирек көлік бір кездері Голливуд актері Стив Маккуинге тиесілі болған, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider моделінің сатылымы Нью-Йорктегі Rétromobile көрмесі аясында өткен Gooding Christie’s аукционында ұйымдастырылды. Сауда 10 миллион доллардан басталған. Қатысушылардың ұсыныстары нәтижесінде автомобильдің бағасы 17,2 миллион долларға дейін көтерілді. Ал аукцион комиссиясын қосқанда сатып алушы көлік үшін шамамен 18,9 миллион доллар төлеген.
1967 жылғы Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider – италиялық автомобиль өндірісіндегі сирек кездесетін модельдердің бірі. Барлығы 10 дана шығарылған бұл автомобильдің аукционға қойылған нұсқасы 10453 шасси нөмірімен тіркелген. Көліктің алғашқы иесі америкалық актер, автожарысқа қатысушы Стив Маккуин болған. Ол Ferrari-ді 1967 жылы сатып алған. Актер автомобильдің зауыттық келбетіне бірқатар өзгеріс енгізген. Бастапқыда Blu Sera деп аталатын көк түске боялған көліктің сыртын кейін қою металлик көк түске ауыстырған.
Сондай-ақ қара былғарымен қапталған салонның әрлеуін өзгертіп, бамперлерін алып тастаған. Автомобильдің орталық бөлігіне радиоқабылдағышы бар консоль де орнатқан.
Ferrari-дің тарихында жол-көлік оқиғасы да болған. Стив Маккуин оны сатып алғаннан кейін көп ұзамай кептелісте тұрған автомобильді артынан басқа көлік соққан. Кейін қалпына келтірілген Ferrari бірнеше онжылдықтан соң коллекционерлер ерекше қызығушылық танытатын тарихи автомобильдердің қатарына қосылды. Оның құндылығы сирек шығарылғанымен қатар, әйгілі актердің жеке көлігі болғанымен де байланысты.