20 қазан – әнші Ғалымжан Молданазар, ақын Нұрғожа Ораз және актер Тоқсын Құлыбеков дүниеге келген күн. Бүгінгі топтамада өнері мен жетістігі арқылы көпшілікке танылған төрт қазақстандық және үш шетелдік тұлға туралы айтамыз, деп хабарлайды Malim.kz.
Ғалымжан Молданазар – 38 жаста
Әнші, музыкант Ғалымжан Молданазар 1988 жылғы 20 қазанда Қызылорда облысының Қараөзек ауылында дүниеге келген. Қазақ тіліндегі заманауи музыканың танымал өкілдерінің бірі тыңдарманға "Ақпен бірге", "Өзің ғана", "Жаным сол" шығармалары арқылы таныс.
2015 жылы ол Moldanazar тобын құрды. Музыканттың шығармашылығында электронды әуен мен қазақша мәтін үйлесім тапқан. Ол америкалық Break of Reality тобымен бірге Нью-Йоркте де өнер көрсеткен.
Нұрғожа Ораздың туғанына – 94 жыл
Ақын, жазушы, журналист Нұрғожа Нарынбайұлы Ораз 1932 жылғы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының Сарыкөл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған.
Кейін журналистикаға ауысып, әдебиет пен баспасөз саласында ұзақ жыл қызмет етті. Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқарды, "Сарыарқа", кейін "Жаңа Сарыарқа" аталған журналдың бас редакторы болды. Өлеңдері орыс, украин және қырғыз тілдеріне аударылған қаламгер 2016 жылы өмірден өтті.
Тоқсын Құлыбековтің туғанына – 76 жыл
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тоқсын Құлыбеков 1950 жылғы 20 қазанда Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алған.
Ол Қазақ радиосында диктор әрі режиссер болып жұмыс істеп, "Қымызхана", "Алтыбақан", "Жебе" бағдарламаларын жүргізді. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін "Тамаша" ойын-сауық отауында өнер көрсеткен актер көрермен жадында әзілдерімен қалды. Өнер иесі 1998 жылы қайтыс болды.
Анатолий Храпатыйдың туғанына – 63 жыл
Қазақстандық ауыр атлет Анатолий Храпатый 1963 жылғы 20 қазанда Ақмола өңірінде туған. Ол – екі Олимпиадада жүлде алған спортшы.
1988 жылғы Сеул Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алса, 1996 жылы Атлантада Қазақстан құрамасы сапында күміс жүлдеге ие болды. Бес дүркін әлем чемпионы атанған ауыр атлет "Құрмет" орденімен марапатталған. Анатолий Храпатый 2008 жылы өмірден өтті.
Дэнни Бойл – 70 жаста
Британиялық режиссер әрі продюсер Дэнни Бойл 1956 жылғы 20 қазанда дүниеге келген. Оның танымал туындыларының қатарында "На игле" (Trainspotting), "28 дней спустя" және "Миллионер из трущоб" фильмдері бар.
"Миллионер из трущоб" картинасы үшін Бойл үздік режиссер ретінде "Оскар" алды. Әртүрлі жанрда жұмыс істейтін режиссер BAFTA және "Алтын глобус" сыйлықтарының да иегері.
Вигго Мортенсен – 68 жаста
Актер әрі режиссер Вигго Мортенсен 1958 жылғы 20 қазанда Нью-Йоркте туған. Оған әлемдік танымалдық әкелген рөл – "Сақиналар әміршісі" трилогиясындағы Арагорн бейнесі.
Актер "Порок на экспорт", "Капитан Фантастик" және "Зелёная книга" фильмдеріндегі басты рөлдері үшін үш рет "Оскарға" ұсынылған. Кинодан бөлек, поэзия, кескіндеме және фотографиямен айналысады.
Джон Красински — 47 жаста
Америкалық актер, сценарист әрі режиссер Джон Красински 1979 жылғы 20 қазанда дүниеге келген. Көпшілік оны "Офис" сериалындағы Джим Халперт рөлі арқылы таниды.
Кейін ол режиссер ретінде де танылып, "Тихое место" фильмін түсірді. Красински осы картинаның сценарийін жазуға қатысып, басты рөлдердің бірін сомдады. Сондай-ақ "Джек Райан" сериалында басты кейіпкерді ойнаған.