Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ мектеп оқушыларының каникул кестесін бекітті, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Бірінші және екінші тоқсан сегіз оқу аптасынан тұрады. Күзгі демалыс 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.
Қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасады. Ал бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша бір апталық демалыс қарастырылған.
Үшінші тоқсан 10 оқу аптасына созылады. Көктемгі демалыс 2027 жылғы 22-28 наурыз аралығында болады. Төртінші тоқсан 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі 9 (10) және 11 (12) сынып түлектерінің қорытынды аттестаттау мерзімдерін де бекітті. Емтихандардың толық кестесі мен қосымша ақпарат министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған.