Үкімет отырысында ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібін цифрландыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
Министрдің айтуынша, өткен жылы цифрлық технологияларды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 12,9%-дан 19%-ға артып, олардың саны 1 мыңнан асты.
Қазіргі уақытта:
- 246 кәсіпорында киберқауіпсіздік құралдары,
- 142 кәсіпорында бұлтты технологиялар,
- 72 өндірісте өнеркәсіптік интернет пен жасанды интеллект,
- 48 кәсіпорында өнеркәсіптік роботтар қолданылады.
Нағаспаевтың сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жол картасы әзірленген. Қазір «СарыарқаАвтоПром», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазмырыш», ERG, KAZ Minerals, «Astana Motors» секілді жетекші кәсіпорындарда 41 ЖИ-жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, деректерді жинау, сақтау және өңдеу процесстерін қамтамасыз ететін, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдететін өнеркәсіптің Ұлттық цифрлық экожүйесі қалыптастырылып жатыр. Оның негізгі элементтері кезең-кезеңімен іске қосылуда.
Қазірдің өзінде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларын талдауға мүмкіндік беретін Tizilim мемлекеттік ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Платформада 6 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 900 жеткізуші тіркелген.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдан бастап нақты өндірістік базасы бар кәсіпорындарға арналған қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады, бұл механизм отандық өндірісті ашық әрі адресатты қолдауға мүмкіндік береді.