2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері өсті. Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін бұған дейін тағайындалған зейнетақы төлемдері 10 пайызға ұлғайтылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік төлемдердің көбеюіне 2026 жылға арналған айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі негіз болды. Бала тууына, бала күтіміне, мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар да қайта есептелді.
2026 жылғы АЕК, ең төменгі жалақы және зейнетақы
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мынадай мөлшерде белгіленді:
Көрсеткіш (2026 жылғы мөлшері):
- Айлық есептік көрсеткіш – АЕК4 325 теңге
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі – ЕТКД50 851 теңге
- Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге
- Ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге
- Ең төменгі базалық зейнетақы – 35 596 теңге
- Ең жоғары базалық зейнетақы – 60 005 теңге
Бұл көрсеткіштер 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген.
2026 жылы зейнетақы қаншаға өсті?
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы мөлшері 10 пайызға артты.
Мысалы, азамат 2025 жылы айына 94 000 теңге ынтымақты зейнетақы алып жүрсе, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оның төлемі 103 400 теңгеге дейін көбейеді.
2026 жылы жаңадан зейнетке шығатын азаматтың зейнетақысын есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары орташа айлық табыс 55 АЕК немесе 237 875 теңге болып белгіленді.
Азаматтың нақты орташа табысы 280 000 теңге болған жағдайда да зейнетақыны есептеу үшін ең көбі 237 875 теңге есепке алынады.
Базалық зейнетақы қалай есептеледі?
Базалық зейнетақының мөлшері азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болған жағдайда базалық төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде беріледі. 2026 жылы бұл сома 35 596 теңгені құрайды.
10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін базалық зейнетақы тағы 2 пайызға көбейеді. Бірақ төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118 пайызынан аспайды.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 34 жыл немесе одан көп болған азаматтарға төленетін ең жоғары базалық зейнетақы – 60 005 теңге.
2026 жылғы мүгедектік жәрдемақысы
Мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай есептеледі.
Асыраушысынан айырылғандарға қанша төленеді?
Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы отбасыдағы еңбекке жарамсыз адамдар мен балалардың санына қарай белгіленеді.
Жәрдемақы алушылар саны (ай сайынғы төлем):
- Бір балаға – 46 783 теңге
- Екі балаға – 86 447 теңге
- Үш балаға – 114 415 теңге
- Төрт балаға – 132 213 теңге
- Бес балаға – 139 841 теңге
- Алты және одан көп балаға – 152 553 теңге
Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға әр бала үшін ай сайын 78 311 теңге төленеді.
2026 жылы бала туғанда қанша ақша беріледі?
Бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан төленеді.
Баланың кезегі (біржолғы жәрдемақы):
- Бірінші бала – 164 350 теңге
- Екінші бала – 164 350 теңге
- Үшінші бала – 164 350 теңге
- Төртінші және одан кейінгі бала – 272 475 теңге
Бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін төлем 38 АЕК-ке, ал төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін төлем 63 АЕК-ке тең.
Егіз немесе үшем дүниеге келген жағдайда жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалады. Оның мөлшері баланың отбасындағы кезегіне байланысты есептеледі.
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы
Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Баланың кезег (ай сайынғы төлем):
- Бірінші балаға – 24 912 теңге
- Екінші балаға – 29 454 теңге
- Үшінші балаға – 33 952 теңге
- Төртінші және одан кейінгі балаға – 38 493 теңге
Жұмыс істейтін азаматтарға бала күтіміне байланысты төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Оның нақты мөлшері кейінгі кезеңдегі әлеуметтік аударымдар мен орташа табысқа байланысты есептеледі.
Көпбалалы отбасылар 2026 жылы қанша алады?
Көпбалалы отбасыға арналған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады.
Оған бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар үміткер бола алады. Күндізгі бөлімде оқитын балалар 23 жасқа толғанға дейін отбасы құрамында есепке алынады.
Отбасындағы бала саны (ай сайынғы жәрдемақы):
- 4 бала – 69 330 теңге
- 5 бала – 86 673 теңге
- 6 бала – 104 017 теңге
- 7 бала – 121 360 теңге
- 8 бала – 138 400 теңге
- 9 бала – 155 700 теңге
- 10 бала – 173 000 теңге
- 11 бала – 190 300 теңге
Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңгеден есептеледі.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне берілетін төлем
Наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де АЕК-ке байланысты өсті.
Санат (ай сайынғы жәрдемақы):
- «Күміс алқа» иегерлері – 27 680 теңге
- «Алтын алқа» иегерлері – 32 005 теңге
32 005 теңге көлеміндегі төлем бұрын «Батыр ана» атағын алған және I немесе II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға да беріледі.