Malim.kz
Спорт

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтетін болды

Арман Қайыпхан
Фото: ҰОК

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, мәртебелі Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.

Алматыда спорттық және қалалық инфрақұрылым толық қалыптасқан. Осы фактор қалаға ауқымды қосымша құрылыс жүргізбей-ақ, кешенді халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибе Ойындарды жоғары деңгейде әрі ұтымды өткізуге негіз болмақ.

Азия ойындарының Қазақстанда өтуі ел үшін маңызды оқиға саналады және олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына қосымша серпін береді.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де ірі мультиспорттық жарыстарды сәтті өткізген. 2011 жылы елде қысқы Азия ойындары ұйымдастырылса, 2017 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтті.

Бұған дейін Президент Қысқы Олимпиада ойындары мен Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары