Тоқаев Шымкентте болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полицияның жұмысын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Президент Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға жергілікті құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Ол бұл оқиғаның қоғамда үлкен резонанс тудырғанын атап өтіп, мұндай сипаттағы қылмыстарды аса қатыгез әрі мүлде жол беруге болмайтын әрекеттер деп атады.
Мемлекет басшысы осындай қылмыстардың алдын алу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ ол қалыңдық ұрлау дәстүрін сынға алып, оның қазақ халқының беделіне теріс әсер ететінін атап өтті.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі Төлеметов көшесі мен Өтегенов көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолында 21 жастағы Нұрай Серікбайды пышақтап кеткен. Ол оқиға орнында қайтыс болған. Осыдан кейін қылмысқа қатысты ер адам ұсталып, қамалған еді.