Malim.kz
MALIMet

23 қарашада Қазақстанда және әлемде қандай оқиғалар болды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

23 қарашада Қазақстан мен Өзбекстан дипломатиялық қатынас орнатты, Солтүстік Қазақстандағы бір ауданға Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Әлемде осы күні LIFE журналының фотосуретке негізделген алғашқы саны жарық көріп, жылдар өте New Shepard зымыраны сынақтан кейін ұшқан алаңына қайта қонды. Malim.kz әр жылдары 23 қарашада болған оқиғаларды еске түсіреді.

1992 жыл. Қазақстан мен Өзбекстан дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі ел 23 қарашада дипломатиялық қатынас орнату жөніндегі ноталармен алмасқан. Биыл осы оқиғаға 34 жыл толады.

1992 жыл. Ғабит Мүсіреповтің бейітіне ескерткіш орнатылды. ҚазАқпараттың тарихи күнтізбесінде қазақ әдебиетінің классигіне арналған ескерткіш 23 қарашада Алматыдағы Кеңсай зиратында қойылғаны жазылған.

2000 жыл. Булаев ауданына Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. 23 қарашада қол қойылған Президент жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаев ауданы Мағжан Жұмабаев ауданы болып өзгертілді. Ақын осы ауданның аумағында дүниеге келген.

2010 жыл. Алматы апортының алғашқы микроклондары алынды. ҚазАқпарат сол жылы қазақстандық ғалымдардың апортты зертханада көбейтіп, алғашқы микроклондарын алғанын хабарлады. Осы әдіс арқылы ғалымдар алма ағашының бастапқы сұрпына тән қасиеттерін сақтап, жаңа көшет өсіруді көздеген.

2012 жыл. "Жылан жылы" ескерткіш монеталары айналымға шықты. Ұлттық банк 23 қарашадан бастап "Шығыс күнтізбесі" топтамасына кіретін алтын және күміс монеталарды айналымға шығарды. Екі монетаның да номиналы 500 теңге болды.

Әлемде

1936 жыл. LIFE фото­журналының алғашқы саны жарық көрді. Мұқабаға фотограф Маргарет Бурк-Уайт түсірген Форт-Пек бөгетінің суреті шықты. Биыл журналдың осы алғашқы санына 90 жыл толады.

1963 жыл. BBC "Doctor Who" сериалының алғашқы бөлімін көрсетті. "An Unearthly Child" деп аталған бөлімде екі мұғалім өз оқушысының тосын құпиясын ашып, уақыт пен кеңістікте саяхаттайтын Доктормен танысады.

2003 жыл. Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе отставкаға кетті. Парламент сайлауының қорытындысына қарсылық білдірген наразылықтан кейін Шеварднадзе қызметінен кетті. Президент міндетін уақытша парламент төрағасы Нино Бурджанадзе атқарды. Бұл оқиғалар тарихта "Раушан революциясы" деген атпен қалды.

2015 жыл. New Shepard зымыраны ұшқан алаңына қайта қонды. Blue Origin компаниясының мәліметінше, сынақ кезінде аппарат 100,5 шақырым биіктікке көтерілген. Содан кейін зымыранның үдеткіші Батыс Техастағы ұшыру алаңына тік қонды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары