23 қараша – қазақ киносының алғашқы операторларының бірі Файзолла Әбсәлемовтің, режиссер Талғат Теменовтің және таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Осы күні француз актері Венсан Кассель мен америкалық әнші Майли Сайрус та дүниеге келген. Malim.kz 23 қарашада туған тұлғалардың өнері мен еңбек жолын еске түсіреді.
Қазақстанға еңбегі сіңген тұлғалар
Файзолла Әбсәлемов – кинооператор. 1911 жылғы 23 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген. Биыл туғанына 115 жыл толады. Еңбек жолын деректі кино түсіруден бастаған. Ол түсірген "Советтік Қазақстан" киножурналының кадрларында Мұхтар Әуезовтің бейнесі сақталған. Әбсәлемов жазушының сценарийі бойынша түсірілген "Абай әні" көркем фильмінің де бас операторы болды.
Есімғали Жұманов – кескіндемеші. 1946 жылғы 23 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында туған. Биыл туғанына 80 жыл толады. Мәскеудегі В.И. Суриков атындағы көркемсурет институтында білім алған. Портрет пен пейзаж салған, сюрреализм бағытында да еңбек еткен. Туындылары Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің қорында және шетелдегі жеке коллекцияларда сақталған.
Талғат Теменов – кинорежиссер, Қазақстанның халық әртісі. 1954 жылғы 23 қарашада Алматы облысының Малыбай ауылында туған. 23 қарашада 72 жасқа толады. Өнер жолын Талдықорғандағы драма театрында актер болып бастаған. Кейін "Қазақфильм" киностудиясында режиссер, Қазақ ұлттық өнер академиясында ректор болды. Көрерменге "Адамдар арасындағы бөлтірік", "Қызғыш құс" және "Махаббат бекеті" фильмдерімен танылды.
Мұстафа Өзтүрік – таэквондо шебері әрі жаттықтырушы. 1954 жылғы 23 қарашада Түркияда дүниеге келген. Биыл туғанына 72 жыл толады. Таэквондоны Тайваньда меңгеріп, кейін Германия мен Түркияда мектеп ашқан. Қазақстанға келген соң Алматыда шәкірт тәрбиелеп, елдегі таэквондо федерациясының негізін қалауға атсалысты. Бүгінде Алматыда Мұстафа Өзтүріктің атымен аталатын көше бар.
Әлемге танылған туған күн иелері
Венсан Кассель – француз актері. 1966 жылғы 23 қарашада Парижде туған. Биыл 60 жасқа толады. Оны көпшілік 1995 жылы шыққан "La Haine" фильміндегі Винз рөлі арқылы таныды. Кейін "Қара аққу" және "Оушеннің он екі досы" фильмдерінде ойнады. Жак Меринді сомдағаны үшін 2009 жылы Францияның "Сезар" жүлдесін алды.
Майли Сайрус – америкалық әнші әрі актриса. 1992 жылғы 23 қарашада Теннесси штатында туған. Биыл 34 жасқа толады. Disney арнасындағы "Ханна Монтана" сериалы арқылы танылып, кейін жеке әншілік жолын жалғастырды. 2024 жылы "Flowers" әні оған "Жылдың үздік жазбасы" аталымында Grammy сыйлығын әкелді.