24 қарашада Жезқазғандағы қалалық кітапханаға Мұхтар Әуезовтің есімі беріліп, Алматыда "Қара кемпір" музыкалық драмасы алғаш сахналанды. Әлем тарихында бұл күн Чарльз Дарвиннің әйгілі еңбегі жарық көрген және Айға барған "Аполлон-12" экипажы Жерге оралған күн ретінде есте қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстанда
1961 жыл. Жезқазған қалалық кітапханасына Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. ҚазАқпараттың тарихи күнтізбесіне сүйенсек, кітапханаға "Абай жолы" роман-эпопеясы авторының есімі 24 қарашада берілген.
2004 жыл. Петропавлда жас боксшылар халықаралық турнирге жиналды. Боксшы Кәміл Сафиннің жүлдесіне арналған жарыс 24–28 қараша аралығында өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден 315 жас спортшы қатысты. Турнирдің үздік боксшысы болып петропавлдық Г. Окунев танылды.
2005 жыл. Алматыда "Қара кемпір" драмасының премьерасы өтті. Ә. Әмзеұлының музыкалық драмасы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында алғаш рет көрерменге ұсынылды.
Әлемде
1859 жыл. Чарльз Дарвиннің "Түрлердің шығу тегі" еңбегі жарық көрді. Британдық табиғат зерттеушісі бұл кітабында тірі ағзалардың ұрпақтан ұрпаққа қалай өзгеретінін табиғи сұрыпталу арқылы түсіндірді. Еңбек кейін эволюциялық биологияның негізін қалаған кітаптардың біріне айналды.
1969 жыл. "Аполлон-12" экипажы Айдан оралды. Айға адам қондырған екінші экспедицияның үш ғарышкері мінген капсула 24 қарашада Тынық мұхитына қонды. Экипаж құрамында Чарльз Конрад, Алан Бин және Ричард Гордон болды.
1974 жыл. Эфиопияда "Люси" деген атпен танылған қаңқа табылды. Зерттеушілер Хадар маңынан шамамен 3,2 миллион жыл бұрын тіршілік еткен австралопитектің сүйектерін тапты. Бұл олжа адамның арғы тектері осыдан үш миллион жылдан астам уақыт бұрын екі аяқпен жүргенін түсінуге көмектесті.