24 қараша – қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалин мен "Бауыржан-шоу" әзіл театрының негізін қалаған Бауыржан Ибрагимовтің туған күні. Сондай-ақ осы күні қазақстандық қоғам қайраткері Нурия Ниязова мен француз суретшісі Анри де Тулуз-Лотрек дүниеге келген, деп хабарлайды Malim.kz.
Сапарғали Бегалин – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі
Сапарғали Бегалин 1895 жылы 24 қарашада қазіргі Абай облысының Абай ауданында дүниеге келген. Биыл жазушының туғанына 131 жыл толады. Оның алғашқы өлеңі 1914 жылы "Айқап" журналында жарияланды. Кейін "Көксегеннің көргендері", "Ермектің алмасы" сияқты балаларға арналған шығармалар жазды. "Шоқанның балалық шағы" повесінде болашақ ғалымның бала күнін суреттеді. Бегалин Пушкин мен Лермонтовтың шығармаларын да қазақ тіліне аударған.
Бауыржан Ибрагимов – "Бауыржан-шоу" театрының негізін қалаушы
Бауыржан Ибрагимов 1961 жылы 24 қарашада бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Биыл ол 65 жасқатолады. Алғаш инженер-құрылысшы мамандығын меңгерген Ибрагимов кейін Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтында актерлік білім алды. 1988–1992 жылдары "Тамаша" телетеатрында өнер көрсетті. Кейін "Бауыржан-шоу" театрын құрып, оның көркемдік жетекшісі болды.
Нурия Ниязова – қоғам қайраткері
Нурия Ниязова 1968 жылы 24 қарашада дүниеге келген. Биыл ол 58 жасқа толады. Еңбек жолында телерадио саласында жұмыс істеп, кейін Алматы қалалық мәслихатының депутаты болды. Алматыдағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесін басқарды. 2023 жылы Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Анри де Тулуз-Лотрек – Париждің түнгі өмірін бейнелеген суретші
Анри де Тулуз-Лотрек 1864 жылы 24 қарашада Францияның Альби қаласында туған. Биыл оның туғанына 162 жыл толады. Суретші Париждің Монмартр ауданындағы кабарелер мен олардың әртістерін бейнелеген туындыларымен танылды. "Мулен Ружға" арнап жасаған афишасы оның ең белгілі жұмыстарының бірі саналады. Toulouse-Lautrec Museum