Malim.kz
Оқиға

2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілді

Айбын Атабай
Видеодан скрин

Мемлекеттік сатып алу кезінде 2,5 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдікті Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу деректеріне сүйенсек, 2023–2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға республикалық бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Алайда күдікті Әділет министрлігіне қарасты “Сот сараптамалары орталығының” лауазымды тұлғаларымен және бірқатар жеке компания басшыларымен алдын ала сөз байласып, сатып алынатын жабдықтардың құнын үш есе дейін қымбаттатқан деген күдікке ілінді.

Қаражатты жымқыру үшін жалған коммерциялық ұсыныстар пайдаланылып, тауарлардың нарықтағы бағасы әдейі көтерілген.    Осы іске қатысы бар орталық директоры Р.Сатыбалдиев, Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Д.Искендерова және жеке компаниялардың басшысы А.Шинтемирова бұған дейін сот үкімімен кінәлі деп танылған. Оларға мүлкін тәркілеумен бірге 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал қылмысты ұйымдастырды деген күдікті 2025 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланған. Сот оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Биыл ол Вьетнам аумағында ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігі, Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және Сыртқы істер министрлігі бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде күдікті Қазақстанға жеткізілді.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары