Malim.kz
MALIMet

25 қарашада қандай тарихи оқиғалар болды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

25 қараша – көне түркі жазуының құпиясы ашылған, қазақтың "Алаш" газеті жарық көрген, Түрксіб теміржолын салу туралы шешім қабылданған күн. Malim.kz Қазақстан мен әлем тарихында осы күні болған маңызды оқиғаларға шолу жасады.

Қазақстан тарихындағы оқиғалар

1893 жыл – көне түркі жазуының құпиясы ашылды.

Даниялық ғалым Вильгельм Томсен көне түркі жазбаларын оқудың кілтін тапты. Бұл жаңалық Орхон-Енисей ескерткіштерінің мазмұнын түсінуге мүмкіндік беріп, түркітану ғылымының дамуына жол ашты. Бүгінде 25 қараша көне түркі жазуының жаңғыру күні ретінде аталып өтеді.

1916 жыл – "Алаш" газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Семей қаласында Көлбай мен Мариям Төгісовтердің басшылығымен «Алаш» газеті шыға бастады. Басылымға Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Нәзипа Құлжанова және басқа да қазақ зиялылары мақала жазған. Газет халықтың тұрмысын, әйел теңсіздігін, білім мен ағарту мәселелерін көтерді.

1926 жыл – Түрксіб теміржолын салу туралы қаулы қабылданды.

Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы Қазақстан тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналды. Ұзындығы 1442 шақырым болатын теміржол еліміздің экономикалық дамуына, сауда мен көлік қатынасының жандануына ықпал етті. Биыл осы шешімнің қабылданғанына 100 жыл толады.

2000 жыл – Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды.

Қызылорда қаласында қазақтың ұлы жазушысы, "Абай жолы" роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш ашылды.

2011 жыл – Абайдың қолжазбасы көпшілік назарына ұсынылды.

Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде "Абайдың қолжазбасы" атты ерекше көрме өтті. Көрмеге ақынның араб жазуымен жазылған "Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы" еңбегінің қолжазбасы қойылды.

Әлем тарихындағы оқиғалар

1952 жыл – әлемдегі ең ұзақ қойылған спектакльдің тарихы басталды.

Лондондағы театрда әйгілі жазушы Агата Кристидің "Тышқан қақпаны" детективтік пьесасы алғаш рет сахналанды. Кейін бұл туынды театр тарихындағы ең ұзақ көрсетілген спектакль ретінде танылды.

1960 жыл – Мирабаль апалы-сіңлілері қаза тапты.

Доминикан Республикасында диктатор Рафаэль Трухильоның билігіне қарсы күрескен үш апалы-сіңлілі белсенді өлтірілді. Олардың қазасы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық нышанына айналды.

1963 жыл – АҚШ президенті Джон Кеннеди жерленді.

АҚШ-тың 35-президентін ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Вашингтонда өтті. Ол Арлингтон ұлттық зиратына жерленді.

1992 жыл – Чехословакияның екі мемлекетке бөлінуі туралы шешім қабылданды.

Федералдық парламент елді Чехия және Словакия мемлекеттеріне бөлу туралы шешім қабылдады. 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап екі ел дербес мемлекетке айналды. Бұл оқиға тарихта "Барқыт ажырасу" деген атаумен қалды.

2020 жыл – футбол аңызы Диего Марадона өмірден өтті.

Аргентиналық әйгілі футболшы Диего Марадона 60 жасында қайтыс болды. Ол 1986 жылы Аргентина құрамасымен әлем чемпионы атанып, футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі ретінде есте қалды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары