31 жастағы ер адам үңгірді аралап жүргенде тас опырылып, сыртқа шығатын жолы бітеліп қалған. Оны құтқарушылар 26 сағаттан кейін аман алып шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ер адам үңгірге сүйіктісімен бірге барған. Бірнеше метр артта келе жатқан қыз опырылған тастардың астында қалмай, сыртқа шығып үлгерген. Ол дереу көмек шақырған.
Құтқарушылар тар өткелді бітеген тас пен топырақты қолмен тазалаған. Жер астында қалған ер адам құтқару жұмыстары кезінде есін жоғалтпай, мамандарға жауап беріп отырған.
Операцияға 48 маман мен 30 өрт сөндіруші қатысқан. Сыртқа шығарылған ер адамға алғашқы көмек көрсетіліп, тікұшақпен ауруханаға жеткізілген.