Алжирде жасөспірім кезінде із-түзсіз жоғалған ер адам 26 жылдан кейін көршісінің жертөлесінен тірі табылған. Адам сенгісіз оқиға 2024 жылғы мамырда болған, деп Malim.kz тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Омар бин Омран 1998 жылы, 19 жасында жоғалып кеткен. Ол кезде елде азаматтық соғыс жүріп жатқандықтан, жақындары оны қаза тапқан немесе қарулы топтардың қолына түскен болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда жігіт осы жылдар бойы туған үйінен шамамен 200 метр жердегі көршісінің қорасындағы жасырын жертөледе болған.
Омарды 2024 жылғы 12 мамырда тапқан кезде ол 45 жаста еді. Жертөленің кіреберісі шөппен бүркемеленген. Оны тұтқында ұстады деген күдікке ілінген 61 жастағы ер адам қашуға әрекеттенгенімен, ұсталған.
Жергілікті El Khabar басылымының мәліметінше, Омардың анасы ұлының тағдырын біле алмастан 2013 жылы қайтыс болған. Ал табылған ер адамға медициналық және психологиялық көмек көрсетілген. Оның неліктен осынша жыл бойы қашып шыға алмағаны туралы расталмаған түрлі болжам тараған.
2024 жылғы 17 мамырдағы ақпарат бойынша, осы іске байланысты сегіз адамға айып тағылған. Негізгі күдікті адам ұрлау және заңсыз қамауда ұстау секілді қылмыстар бойынша тергеуге алынған. Қалған күдіктілерге Омардың жасырылған жерін біле тұра, билікке хабарламады деген айып тағылған.