Malim.kz
MALIMet

27 қараша – тарихта қандай оқиғалар болды?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

27 қараша – Қазақстан мен әлем тарихында маңызды оқиғалармен есте қалған күн. Дәл осы күні Нобель сыйлығының негізі қаланып, адамзат жасаған алғашқы ғарыш аппараты Марс бетіне жетті. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арналған мұражайлар да осы күні ашылған. Malim.kz 27 қарашада болған тарихи оқиғаларды тізіп шықты.

1895 жыл – Нобель сыйлығының негізі қаланды

Швед өнертапқышы Альфред Нобель Парижде өзінің соңғы өсиетіне қол қойды. Ол жиған байлығының басым бөлігін адамзат игілігіне үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға жұмсауды тапсырды. Осы өсиеттің негізінде ғылым, әдебиет және бейбітшілік саласындағы жетістіктер үшін берілетін Нобель сыйлығы дүниеге келді.

1924 жыл – Нью-Йоркте алғашқы Macy’s шеруі өтті

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Macy’s әмбебап дүкені алғаш рет мерекелік шеру ұйымдастырды. Кейін бұл шара Алғыс айту күнінің басты дәстүрлерінің біріне айналды.

1963 жыл – Мұхтар Әуезовтің мұражайы ашылды

Алматыда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Жазушы бұл үйде өмірінің соңғы он жылын өткізген. Әйгілі "Абай жолы" роман-эпопеясын да осы шаңырақта аяқтаған. Бүгінде мұражайда қаламгердің қолжазбалары, жеке заттары мен шығармашылық мұрасы сақталған.

1971 жыл – алғашқы ғарыш аппараты Марс бетіне жетті

Кеңес Одағының "Марс-2" автоматты ғарыш станциясының қону аппараты Қызыл ғаламшардың бетіне жетті. Алайда аппарат сәтті қона алмай, істен шықты. Соған қарамастан, ол Марс бетіне жеткен адам қолымен жасалған алғашқы құрылғы ретінде тарихта қалды.

1992 жыл – Мұқағали Мақатаевтың мұражайы ашылды

Алматы облысында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевқа арналған мұражай ресми түрде ашылды. Мәдени мекеме ақынның өмірі мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында құрылған.

2005 жыл – әлемде алғаш рет адамның беті ішінара ауыстырылды

Францияда медицина тарихындағы алғашқы сәтті ішінара бет трансплантациясы жасалды. Бұл операция қалпына келтіру хирургиясының дамуындағы маңызды жетістіктердің бірі болды.

2006 жыл – Ақтауда алғашқы Каспий инвестициялық форумы өтті

Ақтау қаласында Маңғыстау облысының инвестициялық ахуалы мен экономикалық мүмкіндіктеріне арналған алғашқы Каспий инвестициялық форумы ұйымдастырылды. Шара өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыруға бағытталды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары