Malim.kz
MALIMet

29 қарашада кімдер дүниеге келген?

• Алуа Әшірбекова
Фото - коллаж: malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

29 қараша – Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ әлемдік әдебиет пен кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалар дүниеге келген күн. Malim.kz тілшісі олардың өмірі мен еңбегіне шолу ұсынады.

Бақыт Сұлтанов

1971 жылғы 29 қарашада мемлекет қайраткері Бақыт Сұлтанов дүниеге келген. Бүгін ол 55 жасқа толды.

Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы Қаржы министрлігінде бастаған. Әр жылдары Қаржы министрі, Премьер-министрдің орынбасары, Астана қаласының әкімі, Сауда және интеграция министрі қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.

Мұратбай Жолдасбаев

1957 жылғы 29 қарашада мемлекет қайраткері Мұратбай Жолдасбаев дүниеге келген. Бүгін ол 69 жасқа толды.

Жамбыл облысында туған. Мәскеудегі ауыл шаруашылығы өндірісі инженерлері институтында білім алған.

Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, кейін басшылық қызметтер атқарған. Қордай ауданының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған. 2014–2020 жылдары Парламент Сенатының депутаты қызметін атқарған.

"Құрмет" орденінің иегері.

Луиза Мэй Олкотт

1832 жылғы 29 қарашада америкалық жазушы Луиза Мэй Олкотт дүниеге келген. Биыл оның туғанына 194 жыл толды.

Жазушы әлем оқырмандарына 1868 жылы жарық көрген "Кішкентай әйелдер" (Little Women) романымен танылды. Шығармада төрт апалы-сіңлінің өмірі, отбасылық құндылықтар, арман мен адамгершілік мәселелері баяндалады.

Автор романды өз отбасының өмірінен шабыт алып жазған. Туынды әлемнің көптеген тіліне аударылып, бірнеше рет экранға бейімделген. Жазушы 1888 жылы өмірден өтті.

Клайв Стейплз Льюис

1898 жылғы 29 қарашада британдық жазушы әрі әдебиеттанушы Клайв Стейплз Льюис дүниеге келген. Биыл оның туғанына 128 жыл толды.

Жазушының есімін әлемге әйгілі еткен туындысы – "Нарния шежіресі" атты фантастикалық кітаптар топтамасы.

Оның шығармаларында жақсылық пен жамандықтың күресі, достық, батылдық және сенім тақырыптары кеңінен қозғалады. Льюис 1963 жылы дүниеден өтті.

Чедвик Боузман

1976 жылғы 29 қарашада америкалық актер Чедвик Боузман дүниеге келген. Биыл оның туғанына 50 жыл толды.

Актер Marvel киностудиясының "Қара қабылан" фильміндегі Т’Чалла рөлі арқылы әлемге танылды.

Сондай-ақ ол бейсболшы Джеки Робинсон мен әйгілі музыкант Джеймс Браунның бейнесін сомдаған.

Чедвик Боузман 2020 жылы 43 жасында қатерлі ісік салдарынан өмірден өтті.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары