Malim.kz
MALIMet

29 қарашада қандай тарихи оқиғалар болды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

29 қараша – әлем тарихында спорт, ғылым, ғарыш саласы мен халықаралық саясатқа қатысты маңызды оқиғалар болған күн. Дәл осы күні әйгілі "Барселона" футбол клубы құрылып, Оңтүстік полюстің үстінен алғаш рет ұшақ ұшып өткен. Malim.kz тілшісі осы күні болған тарихи оқиғаларға шолу ұсынады.

1899 жыл – "Барселона" футбол клубы құрылды

1899 жылғы 29 қарашада Испанияның Барселона қаласында швейцариялық спортшы Жоан Гампер бастаған 12 адам футбол клубын құрды.

Кейін клуб әлемдік футболдың тарихында өзіндік орны бар, миллиондаған жанкүйері бар командаға айналды. Әр жылдары оның сапында Лионель Месси, Роналдиньо, Хави, Андрес Иньеста сынды әйгілі футболшылар өнер көрсетті.

Биыл клубтың құрылғанына 127 жыл толды.

1929 жыл – Оңтүстік полюстің үстінен алғаш рет ұшақ ұшып өтті

Америкалық зерттеуші Ричард Бэрд үш серігімен бірге Оңтүстік полюстің үстінен алғаш рет ұшып өтті.

Экспедиция мүшелерінің сапары 18 сағат 41 минутқа созылды. Бұл оқиға Антарктиданы зерттеу және авиация тарихындағы маңызды жетістіктердің бірі болды.

1947 жыл – БҰҰ Палестинаға қатысты тарихи қарар қабылдады

1947 жылғы 29 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Палестина аумағында араб және еврей мемлекеттерін құруды көздейтін №181 қарарды қабылдады.

Құжатта Иерусалим қаласына ерекше халықаралық мәртебе беру қарастырылды. Аталған шешім Таяу Шығыстың саяси тарихындағы бетбұрысты оқиғалардың біріне айналды.

1961 жыл – шимпанзе Жерді ғарыштан айналып шықты

АҚШ-тың Флорида штатынан "Mercury-Atlas 5" ғарыш кемесі ұшырылды. Оның бортында Энос есімді шимпанзе болған.

Энос Жерді екі рет айналып, аман-есен оралды. Ғарыш сапары 3 сағат 20 минуттан астам уақытқа созылды.

Бұл тәжірибе америкалық ғарышкерлерді Жер орбитасына ұшыруға дайындық барысында маңызды рөл атқарды.

1972 жыл – әйгілі Pong бейнеойыны жарық көрді

Atari компаниясы әлемдегі алғашқы коммерциялық табысқа жеткен бейнеойындардың бірі – Pong ойынын шығарды.

Үстел теннисіне ұқсас қарапайым ойын көп ұзамай танымал болып, бейнеойын индустриясының дамуына серпін берді.

2012 жыл – Палестинаның БҰҰ-дағы мәртебесі өзгерді

2012 жылғы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаға ұйымға мүше емес бақылаушы мемлекет мәртебесін берді.

Бұл шешім Палестинаның халықаралық дипломатиядағы орнын нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

29 қараша – Палестина халқымен халықаралық ынтымақтастық күні

БҰҰ-ның бастамасымен жыл сайын 29 қарашада Палестина халқымен халықаралық ынтымақтастық күні атап өтіледі.

Бұл атаулы күн 1977 жылы бекітілген. Оның мақсаты – Палестина халқының құқықтарына, бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне әлем жұртшылығының назарын аудару.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары