Түркияның республика болып жариялануы, әлемдік қаржы тарихындағы "қара сейсенбі", интернеттің ізашары саналатын желідегі алғашқы хабарлама… 29 қазан түрлі кезеңдегі маңызды оқиғалармен есте қалды. Қазақстан тарихында бұл күн өндіріс пен мәдениеттегі жетістіктермен қатар, ел басынан өткен ауыр қасіретпен де байланысты, деп хабарлайды Malim.kz.
1923 жыл – Түркия республика болып жарияланды
1923 жылғы 29 қазанда Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісі республикалық басқару жүйесін жариялап, Мұстафа Кемал Ататүрікті елдің тұңғыш президенті етіп сайлады.
Бұл шешім Түркияның мемлекеттік құрылымындағы тарихи бетбұрыс болды. Қазір 29 қазан елде Республика күні ретінде аталып өтеді. 2026 жылы осы оқиғаға 103 жыл толды.
1929 жыл – Уолл-стриттегі "қара сейсенбі"
1929 жылғы 29 қазан әлемдік қаржы тарихында «қара сейсенбі» деген атаумен қалды. Сол күні Нью-Йорк қор биржасында акция бағалары күрт құлдырап, дүрбелеңге түскен инвесторлар 16 миллионнан астам акцияны саудаға шығарды.
Қор нарығындағы күйреу бір күнде басталып, бір күнде аяқталған жоқ. Алайда 29 қазандағы құлдырау дағдарыстың ең белгілі көріністерінің біріне айналды. Бұл оқиға АҚШ пен өзге елдердің экономикасын қамтыған Ұлы депрессияның басталу кезеңімен байланысты.
1949 жыл – Үлбі металлургия зауыты алғашқы өнімін шығарды
1949 жылғы 29 қазанда Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында дайын өнімнің алғашқы партиясы – торий оксалаты алынды. Кәсіпорын дәл осы датаны өзінің туған күні деп есептейді.
Кейін зауыт уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндіретін маңызды өндіріс орнына айналды. Оның өнімдері атом энергетикасында, электроникада, металлургияда және басқа да салаларда қолданылады.
Қазақстанның атом өнеркәсібі тарихындағы осы маңызды кезеңге биыл 77 жыл толып отыр.
1956 жыл – Суэц дағдарысының әскери кезеңі басталды
1956 жылғы 29 қазанда Израиль әскері Мысырға шабуыл жасап, Синай түбегіне кірді. Бұл Суэц дағдарысының әскери кезеңінің басталуына әкелді.
Дағдарысқа дейін Мысыр Суэц каналы компаниясын мемлекет меншігіне алған болатын. Аймақтағы қақтығыс халықаралық деңгейдегі мәселеге айналып, оны тоқтату жолдары Біріккен Ұлттар Ұйымында қаралды. Осы оқиғалардан кейін БҰҰ-ның алғашқы Төтенше қарулы күштері құрылды.
1969 жыл – ARPANET желісі арқылы алғашқы хабарлама жіберілді
1969 жылғы 29 қазанда Лос-Анджелестегі Калифорния университетінен Стэнфорд зерттеу институтының компьютеріне ARPANET желісі арқылы алғашқы хабарлама жіберілді. Бұл желі кейін қазіргі интернеттің қалыптасуына негіз болды.
Зерттеушілер "LOGIN" командасын бермек болған. Алайда алғашқы екі әріп – "LO" жеткеннен кейін жүйе істен шыққан. Ақау түзетілген соң, толық қосылу жүзеге асырылды.
Осы қысқа хабарлама компьютерлік байланыс тарихындағы маңызды белеске айналды. Биыл бұл оқиғаға 57 жылтолды.
1999 жыл – Алматыда Пушкин ескерткіші орнатылды
1999 жылғы 29 қазанда Алматыда, Ғылым академиясы ғимаратының жанында Александр Пушкинге арналған ескерткіш орнатылды.
Қола мүсін Алматыдағы зауыттардың бірінде құйылған. Жоба авторлары – мүсінші Анатолий Бичуков, сәулетшілер Тоқтар Ералиев пен Анатолий Анчугов. Ескерткіш ақын есімімен аталатын көшеге қойылды.
2010 жыл – Талдықорғанда Сүйінбай ескерткіші ашылды
2010 жылғы 29 қазанда Талдықорғанда ақын Сүйінбай Аронұлына арналған ескерткіш ашылды. Монумент "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында орнатылған.
Қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі шамамен он метр. Оның авторлары — сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов.