Malim.kz
Құқық

3 жасар қыздың өлімі: 622 стоматологиялық клиника тексеріліп жатыр

Айбын Атабай
pixabay.com

Соңғы уақытта, әсіресе жекеменшік стоматологиялық клиникаларда балаларға жалпы наркозбен бірнеше тісті бір мезетте емдеуге қатысты арыздар жиілеп жатыр. Бұл туралы ДСМ басшысы Ақмарал Әлназарова айтты.

 Ақмарал Әлназарованың сөзінше, балаларды жалпы анестезиямен емдеу — қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша ғана жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара. Кез келген клиникадан наркозбен емдеу кезінде анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі.

— Денсаулық сақтау министрі ретінде біздің ұстанымымызды егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды деп санаймын. Балаларды жалпы анестезиямен емдеу — қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша ғана жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара. Клиника жекеменшік болсын немесе мемлекеттік болсын мұндай манипуляциялар үшін білікті анестезиологтың қатысуы, тиісті жабдықтардың болуы, анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі, — деп министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

ДСМ басшысы атап өткендей, Бас прокуратураның талабы бойынша, ел бойынша стоматологиялық ұйымдарға — барлығы 622 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі жағдай бойынша:

290 тексеру тіркелді,
135 аяқталды,
103 — жұмыс барысында,
52 — тіркеуден алынған (клиникалар іс жүзінде жұмыс істемейді),
26 — тіркеу сатысында.
Өңірлердің прокуратурасы жіберген 316 нысанның ішінде:

34 клиника МӘМС/ТМККК шеңберінде қызмет көрсетеді,
282 — тек ақылы негізде жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрі жалпы анестезия — бұл «ыңғайлы опция» емес, ерекше сақтықты талап ететін күрделі араласу екенін еске салды.

— Ұзақ наркоз және ауқымды бірмезгілде емдеу баланың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесі тарапынан асқыну қаупін арттыруы мүмкін. Өкінішке қарай, жекелеген клиникалар ата-аналарға коммерциялық тұрғыдан қолайлы нұсқаны ұсынады — «барлық тісті бір ретте емдеп береміз». Алайда мұндай тәсіл тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, тексерумен расталған кезде ғана орынды, — деді ол.

Әлназарова ата-аналарды ерекше мұқият болуға шақырды.

— Осындай процедураларға келісім бермес бұрын, тәуекелдер, көрсеткіштер және жүргізу шарттары туралы толық әрі ашық ақпаратпен танысу қажет. Баланың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы тиіс — және Денсаулық сақтау министрлігі осы қағидатты қатаң түрде ұстанатын болады, — деп түйіндеді ДСМ басшысы.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары