Malim.kz
Денсаулық

"54 келі салмақ тастадым": Елге танымал полиция қызметкері адам танымастай өзгеруінің құпиясын ашты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы. Суретте: Салтанат Әзірбек

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі, төрт баланың анасы Салтанат Әзірбек BES.media басылымына берген сұхбатында тығыз жұмыс кестесіне қарамастан қалай салмақ тастағанын және өзін формада ұстаудың басты қағидаларын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, қоғамда әйел полицейлерге қатысты сыртқы келбет пен талаптар жиі сөз болғанымен, өзі үшін ең маңыздысы – тәртіп пен ішкі үйлесім. Физикалық форма – тек сыртқы көрініс емес, жан тазалығы, төзімділік пен ерік-жігердің айғағы деп санайды.

Полковник соңғы жылдары 54 келіге арықтағанын атап өтті. Ол қатаң диеталарға емес, дұрыс әдеттерге сүйенген. Негізгі тәсілі – күнделікті кардио. Салтанат Әзірбек таңғы 3-те оянып, сағат 4-тен бастап жаяу жүріске шығады. Екі сағатқа созылатын серуен кезінде 12–13 мың қадам жасайды да, таңғы 7-де жұмыс орнында болады.

"Басқаша мүмкін емес. Бұл – өзіңмен жасалған келісім", – дейді ол.

Тамақтануда да тәртіп қатал: уақытылы, аз мөлшерде, ақуызға бай ас. Ұн мен тәттіден толық бас тартқан. Оның пікірінше, мәселе тағамның көптігінде емес, қате әдеттерде.

Салтанат Әзірбек үшін тәртіп – қызметтің ғана емес, өмірдің де өзегі. Ол тіпті 1 қаңтар күні де таңғы серуенін қалдырмағанын айтады. Өзіне талап қою, өзін тыңдау және жауапкершілік – басты мотивациясы.

"Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Біз бұған қабілеттіміз", – дейді ол.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары