Malim.kz
Оқиға

56 жастағы ене келіні үшін сәби көтеріп, өз немересін дүниеге әкелді

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Қатерлі ісікке байланысты бала көтеру мүмкіндігінен айырылған келінге 56 жастағы енесі көмектесті, деп хабарлайды Malim.kz. Ол ұлы мен келінінің сәбиін құрсағында көтеріп, дүниеге әкелген, деп хабарлайды The Times of India⁠.

Макайла Боренге 25 жасында жатыр саркомасы диагнозы қойылған. Аурумен күресу үшін оған жатырын алып тастау қажет болды. Алайда операцияға дейін дәрігерлер ерлі-зайыптының эмбриондарын сақтап үлгерген. Осылайша олардың болашақта биологиялық балалы болу мүмкіндігі қалған. Макайла бұл жағдайды өзі жариялаған қаражат жинау парақшасында да баяндаған.

Келінінің басына түскен қиындықты көрген Джесси Борен ерлі-зайыптыға сәбиін көтеріп беруге дайын екенін айтқан. Макайла енесімен арасы жақын болғандықтан, бұл ұсынысты қабылдауға күмәнданбағанын жеткізген.

Дегенмен жоспар бірден жүзеге аспаған. Медициналық тексерулер мен дайындыққа шамамен бір жыл кеткен. Алғашқы эмбрион көшіру әрекеті сәтсіз аяқталғанымен, екінші талпыныстан кейін Джесси жүкті болған.

Жүктілік кезінде Макайла мен күйеуі Джордан ата-анасының үйіне көшіп, Джессиге қолдау көрсеткен. Ақыры сәби кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Осылайша Джесси өзі көтерген баланың әжесі атанған, ал Макайла мен Джордан биологиялық ата-ана болған.

Макайла енесінің бұл қадамы көптен күткен ана болу арманын орындағанын айтқан. Басылымның 23 қазандағы материалына сәйкес, сәби сұхбаттан шамамен үш ай бұрын туған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары