Malim.kz
MALIMet

6 қазанда кімдер дүниеге келген?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz

6 қазан – қазақ би өнерінің дамуына үлес қосқан Дәурен Әбиров, педагог Шалқыма Құрманалина және әлемге әйгілі саяхатшы Тур Хейердал дүниеге келген күн. Осы датаға арналған рубрикамызда Қазақстанның төрт тұлғасы мен шетелдің үш танымал өкілі туралы мәлімет ұсынамыз, деп хабарлайды Malim.kz.

Дәурен Әбиров

Дәурен Тастанбайұлы Әбиров 1923 жылғы 6 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі, қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстерлерінің бірі. Алматы хореография училищесін және Мәскеудегі театр өнері институтының балетмейстерлік бөлімін бітірген. Қазақ опера және балет театрында "Шурале", "Аққұс туралы аңыз", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" секілді балеттерді сахналаған. Ұстаздық қызмет атқарып, Әубәкір Исмаиловпен бірге "Қазақтың халық билері" кітабын жазған. 2001 жылы өмірден өткен өнер иесінің туғанына биыл 103 жыл толады. 

Шалқыма Құрманалина

Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина 1946 жылғы 6 қазанда Ақтөбе облысында туған. Биыл педагог 80 жасқа толады. Ол – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі. Мұғалім даярлау мен кәсіптік білім беру саласында еңбек етіп, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеген. Оның бастамасымен 1998 жылы Орал педагогикалық колледжі құрылған. Бұл оқу орны жастарға педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік берді. 

Әбдірахман Найзабеков

Әбдірахман Батырбекұлы Найзабеков 1957 жылғы 6 қазанда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Биыл 69 жасқа толады. Техника ғылымдарының докторы, профессор еңбек жолын өндірісте бастап, кейін оқытушылық пен ғылыми жұмысқа ауысқан. Қарағанды металлургия институтында оқытушы, доцент, проректор және ректор қызметтерін атқарған. Ғылыми еңбектердің, монографиялар мен оқулықтардың авторы ретінде инженер мамандарды даярлауға үлес қосқан. 

Тайыр Қаратаев

Тайыр Нұрланұлы Қаратаев 1989 жылғы 6 қазанда Алматыда туған. Биыл 37 жасқа толады. Күләш Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебінде виолончель сыныбында оқып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Өнердегі еңбек жолын "Камерата Қазақстан" оркестрінің әртісі ретінде бастаған. Кейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында, Абай атындағы опера және балет театрында және "Қазақконцерт" ұйымында басшылық қызметтер атқарған. 

Тур Хейердал

Норвегиялық саяхатшы әрі зерттеуші Тур Хейердал 1914 жылғы 6 қазанда Ларвик қаласында дүниеге келген. Оның есімін әлемге танытқан сапар – 1947 жылғы "Кон-Тики" экспедициясы. Хейердал серіктерімен бірге ағаш салға отырып, Перуден Полинезияға дейін Тынық мұхитын кесіп өткен. Ол көне халықтардың теңіз арқылы саяхат жасау мүмкіндігін тәжірибе жүзінде зерттеген. Ғұмырын экспедициялар мен археологиялық ізденістерге арнаған саяхатшы 2002 жылы өмірден өтті. Биыл туғанына 112 жыл толады. 

Элизабет Шу

Америкалық актриса Элизабет Шу 1963 жылғы 6 қазанда АҚШ-тың Уилмингтон қаласында туған. Биыл 63 жасқа толады. Кино көрерменіне "Каратэші бала", "Коктейль" және "Болашаққа оралу" фильмінің екінші, үшінші бөлімдері арқылы танылған. Оның шығармашылығында комедия, шытырман оқиға және драмалық туындылар бар. "Лас-Вегастан кету" фильміндегі рөлі де актрисаның мансабындағы маңызды жұмыстарының бірі саналады. 

Йоан Гриффит

Уэльстік актер Йоан Гриффит 1973 жылғы 6 қазанда дүниеге келген. Биыл 53 жасқа толады. Ол актерлік жолын бала кезінде Уэльс телехикаясында бастаған. Көпшілікке "Фантастикалық төрттік" фильмдеріндегі Рид Ричардс, яғни Мистер Фантастик рөлімен таныс. Сондай-ақ "Титаник" фильмінде және "Мәңгілік" телехикаясында ойнаған. Оның шығармашылығы кино мен телевизиядағы түрлі жанрларды қамтиды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары