Malim.kz
Экономика

7 трлн теңгенің жыры: Әбілқасымова тексеру барысы туралы мәлімдеді

Сабина Асқарқызы
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қазақстанда екінші деңгейлі банктерге қатысты жүргізілген тексерулер нәтижесінде бірқатар қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі барлық ірі банктерге инспекциялық тексеру жүргізілген. Кейбір тексерулер аяқталғанымен, бірқатары әлі де жалғасып жатыр.

«Біз Қазақстандағы барлық ірі екінші деңгейлі банктерге қатысты инспекциялық тексеру жүргіздік. Кейбір тексерулер аяқталды, ал басқалары әлі жалғасып жатыр», – деді Әбілқасымова.

Агенттік басшысы тексеру нәтижелері белгілі бір заңбұзушылықтардың бар екенін растағанын атап өтті. Алайда нақты қай банктердің заң талаптарын және халықаралық санкцияларды бұзғаны жария етілмейді.

«Тексеру нәтижелері белгілі бір бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Алайда реттеуші талаптарға сәйкес, тексеру қорытындылары мен банктердің атаулары жария етуге жатпайды. Осы нәтижелер негізінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюға арналған қадағалау жоспары әзірленеді, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар салынуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.

Әбілқасымова тексеруден өткен барлық қаржы институттарында әртүрлі деңгейдегі заңбұзушылықтар анықталғанын да жасырмады.

«Инспекциялық тексерулер барысында біз әрдайым қандай да бір бұзушылықтарды анықтаймыз. Олардың деңгейі мен саны банктер арасында әртүрлі болуы мүмкін, бірақ, өкінішке қарай, бұдан артық ақпарат бере алмаймыз», – деді агенттік төрағасы.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы қазақстандық банктердің бірі көршілес елден алынған 7 трлн теңгеден астам қаражатты (шамамен 14 млрд доллар) шетелге аударғанын мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы бұл жағдайды «шектен шыққан» деп бағалап, реттеуші органдарға бақылауды күшейтуді тапсырған.

Алайда кейін бұл мәлімдеме ресми ресурстардан алынып тасталып, қоғамда түрлі болжамдардың туындауына себеп болды.

Кейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл қаржы «таза сыртқа шығарылған ақша емес», жалпы қаражат айналымы екенін айтып, алдын ала тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталмағанын жеткізген. Алайда көп ұзамай ол қызметінен кеткен.

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл мәселеге қатысты нақты банк атауын растамай, сақ пікір білдірген.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары