Malim.kz
Мәдениет

"70-тегі адамға 30 жастағы қызымды бермеймін": Асанәлі Әшімов екінші жұбайы туралы ел естімген оқиғаны айтты

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

КСРО Халық әртісі, кино және театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімов "1001 түн" бағдарламасында қонақ болып, өзінің өмірі туралы сыр шертті, деп хабарлайды Malim.kz.

Бағдарлама барысында Асанәлі Әшімов қазіргі жұбайы Бағдат Әшімова туралы айтып, құдалыққа барған кезін еске алды. Бастапқыда Бағдат Әшімованың бауырлары, әке-шешесі қарсы болыпты.

"Жаркентке Бағдатты алып кетуге барғанбыз. Ақселеу Сейдімбек, Қадірбек Уәлиев, Әшірбек Сығай бастаған 20 адамды апардым. Оның себебі – Бағдаттың әке-шешесі, бауырлары көнбей, маған бермейміз деді емес пе?! "Ол 70-те ғой" дейді бауырлары. Ал Бағдат 30 жаста еді. Ол кезде 70-те де емеспін, 66-дамын ғой. Сондай көнбей тұрғанда, бір нағашысы: "Біреулер басқа ұлтқа да үйленіп жатыр ғой, оған қарағанда тәуір ғой", – деді. Сондағы мықтыларды апарағаным – мықтылығымызды көрсетейік дегенім ғой", – деді Асанәлі Әшімов.

Ал Бағдат Әшімова осы бір кездерді өзінше еске алып, Асанәлі Әшімовке деген сезімінің қалай басталғанын сұхбаттарының бірінде айтқан еді.

"Алғаш рет дәлізде көріп қалғаннан кейін ол кісі мені жиі іздей бастады, сұрастырып, бір күні қасына шақырып алып "Жан бөлек" деген кітабын сыйға берді. Соны оқып отырып, мен мына кісіні бақытты етер ме едім деп ойладым. Содан ол кісі маған жары болуға ұсыныс тастады. Серігім болуға жарайтын адам екенсің дегенде құлап қала жаздадым. Үйдегілермен ақылдасайын деп рұқсат сұрадым. Анам қарсы болды. Бірден болмайды деп айтты. Ағам да басында қабылдай алмады. Қатты ашуланып, үстелді бір ұрғаны есімде. Әкем үндеген жоқ.  Үйдегілердің осындай реакциясынан кейін болмайтынын түсіндім. Асекеңе хабарласып, болмайтынын айттым, Уақыт емші деп күтуді сұрады. Ертеңіне ауылдан қайтарда анам “сен ол адамның бабын таба алмайсың, өте қатал адам” деп анам қарсылығын айтты. Уақыт өте келе әке-шешеме қайта келіп, Асекеңмен бір болатынымды айтып едім. Бұл жолы рұқсаттарын берді. Сонымен, кішігірім той жоралғысы жасалып, шаңырақ көтердік", – деді Бағдат Әшімова.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары