Алты жасында сал ауруына шалдығып, өздігінен тыныс алу мүмкіндігінен айырылған Пол Александр өмірінің басым бөлігін "темір өкпе" деп аталатын аппаратта өткізген. Соған қарамастан, ол білім алып, заңгер атанып, кітап жазған, деп хабарлайды Malim.kz.
Полдың өмірі 1952 жылы күрт өзгерген. Полиомиелитке шалдыққан баланың денесі салданып, тыныс алуы қиындаған. Оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер арнайы аппаратқа жатқызған.
"Темір өкпе" – адамның денесін мойнына дейін жауып тұратын үлкен металл құрылғы. Ол ішіндегі ауа қысымын өзгерту арқылы өкпеге ауа кіріп-шығуына көмектеседі. Аппаратта жатқан адамның басы ғана сыртта қалады.
Пол ұзақ жаттығудың арқасында тамақ бұлшықеттерінің көмегімен ауа жұтуды меңгерген. Бұл тәсіл оған аппараттан белгілі бір уақытқа шығуға мүмкіндік берген. Алайда құрылғыға тәуелділігі толық жойылмаған.
Қозғала алмауы оның білім алуына кедергі бола алмады. Пол мектепті аяқтап, кейін университетте заң мамандығын меңгерген. Ол адвокат болып жұмыс істеп, сот отырыстарына да қатысқан.
Оның тағы бір жетістігі – өз өмірі туралы кітап жазуы. Қолын пайдалана алмағандықтан, Пол аузына ұстаған таяқшамен пернетақта батырмаларын басқан. Кітабын аяқтауға бірнеше жыл кеткен.
Пол Александр 2024 жылы 78 жасында өмірден өтті. Ол жетпіс жылдан астам уақыт тыныс алу аппаратының көмегімен өмір сүрді. Осы жылдар ішінде мамандық игеріп, еңбек етіп, өз хикаясын кітапқа айналдырып үлгерді.