Алты жасында жоғалып кеткен баланың тағдыры 73 жылдан кейін ғана белгілі болды. Туыстары оны тапқанда, ол балалы-шағалы болып, немере сүйіп отырған қария еді. Таңғаларлығы, ондаған жылға созылған жұмбақтың шешілуіне қызық үшін жасалған ДНҚ тесті түрткі болған. Бұл оқиға туралы ABC News 2024 жылғы қыркүйекте жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Луис Армандо Альбино 1951 жылғы 21 ақпанда ағасымен бірге саябақта ойнап жүрген. Сол кезде бейтаныс әйел тәтті сатып әперетінін айтып, алты жасар баланы ертіп кеткен. Содан кейін оның ізі жоғалған.
Баланы полиция мен іздеуге жұмылдырылған басқа да қызметтер таба алмады. Бірақ отбасы оны ұмытпаған: үйде суреті ілулі тұрып, анасы ұлының жоғалғаны туралы газет қиындысын әмиянында сақтаған.
Жұмбақтың алғашқы ұшы 2020 жылы шықты. Луистің жиені Алида Алекин қызығушылықпен генетикалық тест тапсырып, бейтаныс ер адаммен ДНҚ сәйкестігі барын көреді. Алайда оған жазған хабарламасы жауапсыз қалған.
2024 жылы Алида іздеуді қайта қолға алады. Қызымен бірге әлгі адамның фотосуреттерін тауып, ескі газеттерді ақтарады. Жинаған деректерін полицияға жеткізеді. Кейін жүргізілген ДНҚ сараптамасы оның шынымен жоғалған Луис екенін растайды.
Луисті басқа отбасы өз баласындай тәрбиелеген. Ол өрт сөндіруші болып жұмыс істеп, кейін зейнетке шыққан. 2024 жылғы маусымда туған отбасымен қауышып, ағасы Роджермен 73 жылдан кейін қайта кездеседі.
Алайда оқиғаның барлық құпиясы ашылған жоқ. ABC News мәліметінше, Луистің табылуына байланысты іздеу ісі жабылғанымен, оны ұрлау оқиғасына қатысты тергеу сол кезде жалғасып жатқан.