Malim.kz
Шоу-бизнес

"80 жаста үйленген дұрыс": Ердос Қанаевтың отбасы туралы жазбасы назар аудартты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот / ЖИ арқылы өңделген

"Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев әлеуметтік желіде отбасылық өмірге қатысты әзіл аралас жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі Instagram парақшасында үйленуге ең қолайлы жас туралы әзіл сөзбен бөліскен. Жарияланған суретте ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керісті болдырмаудың ерекше жолы айтылған.

"Үйленуге ең қолайлы жас – 80 жас. Себебі ол кезде күйеуінің көзі көрмейді, әйелінің құлағы естімейді. Бірі көрмеген болады, бірі естімеген болады – отбасында ұрыс-керіс жоқ!" – делінген жазбада.

Аталған сөз суретте Нұрбол ұстазға телінген.

Ердос Қанаев бұл әзілмен шектелмей, жазбасының астына ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы туралы ойын жеткізген.

"Аптекада дәрі бар, бірақ ауырғанда маған тек үйдің дәрісі көмектеседі және де ең күшті дәрім, дәруменім ол менің қисық қабырғам", – деген екен әйеліне ессіз ғашық бір адам”, – деп жазды әнші.

Ол жазбасының соңында ерлі-зайыптыларға бір-бірінің қадірін біліп, сыйластықта өмір сүруді тіледі.

"Сол үшін табиғаты “қисық қабырға” секілді болған әйелдеріңіз аманаттарыңыз аман болсын, отыз ұлың болса да осырақ шалдарыңыз бай-қуатты болып, бір-бірлеріңізге дәрі-дәрмен секілді тыныштық пен бақыт сыйлап жүре беріңіздер", – деді өнер иесі.

Бұған дейін ажырасуға шақыратын коучтарды сынаған

Айта кетейік, бұған дейін Ердос Қанаев әлеуметтік желіде отбасын сақтап қалу мәселесін көтеріп, ерлі-зайыптыларға ажырасуға кеңес беретін коучтарды сынға алған болатын.

Әншінің пікірінше, кейбір кеңесшілердің сөздеріне сеніп, отбасын бұзған адамдардың шешімінен ең алдымен балалар зардап шегуі мүмкін.

Өнер иесі мұндай кеңес беретін адамдар ажырасқан отбасылардың материалдық жауапкершілігін де мойнына алуы керек деген пікір білдірген.

Ердос Қанаев кім?

Ердос Қанаев – қазақстандық әнші, "Жігіттер" квартетінің мүшесі. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Шұбар елді мекенінде дүниеге келген.

Өнер иесі жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Оның шығармашылық жолы 2003 жылы құрылған "Жігіттер" тобымен тығыз байланысты.

Квартет 2003 жылы "Арай" республикалық байқауында бас жүлде иеленіп, кейін "Ерке қыз" әні арқылы көпшілікке танылды. 2006 жылы топ Алматы қаласында алғашқы жеке концертін өткізді.

Ердос Қанаев шығармашылықпен қатар отбасылық құндылықтар туралы ойларын әлеуметтік желіде жиі бөлісіп тұрады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары