Malim.kz
Білім-ғылым

89 мыңнан астам грант: Үкімет қай салаларға басымдық бергенін айтты

Сабина Асқарқызы
istockphoto.com

Үкімет 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының қалай бөлінетінін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл оқуға 89 457 грант бөлінді. Оның 75 371-і бакалавриатқа, 11 007-сі магистратураға, ал 3 079-ы докторантураға қарастырылған.

Министрдің айтуынша, гранттарды бөлу кезінде 2030 жылға дейінгі еңбек нарығының сұранысы ескерілген. Есептеулерге сәйкес, осы кезеңде Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады. Оның шамамен 530 мыңы инженерлік сала мамандары. Бұдан бөлек, 185 мың педагогке және өзге бағыттар бойынша 168 мыңға жуық маманға сұраныс болады.

Осы болжамға сәйкес, білім гранттарының 60 пайызы инженерлік-техникалық және аграрлық мамандықтарға, тағы 21 пайызы педагогикалық бағыттарға бөлінді. Министрлік бұл қадам экономикада сұраныс жоғары салаларға қажетті мамандарды көбірек даярлауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары