Malim.kz
Құқық

92 мың доллар дауы: Ақтөбеде тергеуші 10 жылға сотталды

Сабина Асқарқызы
Иллюстрация фото

Ақтөбеде Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екі қызметкеріне қатысты резонансты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

 Жедел басқарма басшысының орынбасары Дәулет Сарин парақорлыққа делдал болғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылса, аға тергеуші Ермек Махамбетов пара алуға оқталғаны үшін 10 жылға сотталды.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс қоғам назарын аударды. Үкім жарияланған күні сот залы сотталушылардың туыстарына толы болды.

Сот шешімімен департаментте лауазымды қызмет атқарған 44 жастағы Дәулет Сарин Қылмыстық кодекстің 368-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 45 жастағы аға тергеуші Ермек Махамбетов ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды.

Судьяның шешімімен Махамбетовтен 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын және 778 500 теңге заңгерлік қызмет шығыны өндірілетін болды.

Сонымен қатар сотталушылар өмір бойына құқық қорғау және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот тәркіленген 1600 долларды жәбірленушіге қайтаруды, ал 90 100 жасанды долларды үкім заңды күшіне енгеннен кейін жоюды міндеттеді.

Тергеу материалдарына сәйкес, іс «Ел қуаты» тұтынушылар кооперативінің өкіліне қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында басталған. Жәбірленуші қазіргі уақытта басқа іс бойынша қамауда отыр.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Ермек Махамбетов кәсіпкерден қылмыстық істі тоқтату және тәркіленген екі автокөлікті қайтару үшін пара талап еткен.

«Махамбетов Бокушев пен оның туыстарының табысын көріп, делдал арқылы келісуді ұйғарған. Ол Саринді пайдаланбақ болды. Кейін Бокушевтің ұлы жауап алуға шақырылған кезде, бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, Махамбетов Ерлан Бокушевке қоңырау шалып, Сарин арқылы 50 млн теңге беруді талап еткен. Есесіне істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатып, екі автокөлікті қайтаруға уәде берген», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Кейін кәсіпкер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Алдын ала келісім бойынша ол дайындалған 90 500 долларға өз қаражатынан 1600 доллар қосып, жалпы 92 100 долларды жеткізген. Ақшаны беру кезінде арнайы қызмет өкілдері операция жүргізіп, Дәулет Саринді ұстаған.

Ермек Махамбетовке аса ірі көлемде пара алуға оқталу, ал Дәулет Саринге парақорлыққа делдал болу айыбы тағылған.

Сот барысында Дәулет Сарин өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген. Ал Ермек Махамбетов тағылған айыппен келіспей, өзіне қарсы айтылған айыптарды жалған деп атады.

Қорғаушылардың айтуынша, апелляциялық шағым беру мәселесі кейін шешіледі.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары