Болат Әбділмановтың Абайы Абай емес

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 08.01.2021

Уақыт жаңарып, күнтізбе жаңа парақтан басталғанымен, заман қартайды. Жаңа ұрпақ келіп, толқын алмасқан сайын әжімді жүзі сұрлана беретін замана дейтін сұрапылдың алдында дәрменсіз адамзат баласы үнсіз ғана бағынып, 2021 жылдың табалдырығын аттап берді. Айдауға көнді. «Ала құйын замана» доп – басымызды қайда алып барады? Шаттанып, шалқып жаңа жыл келді деп ала-шапқын болып жүргенімізбен, барар тұрағымыз қайсы? Табар мекеніміз қайда? Басымызға қонар бақ келіп, тайқы маңдайымызға жайғасты ма?

Білім мен ғылымға, мәдениет пен әдебиетке әбден шөліркеп кеп, жиырмасыншы ғасырдың босағасын басқанда, қазақты Алаш арыстары дейтін ұрпақ қарсы алып, қараңғы көкімізге күн болуға талпынбады ма? Осы бір ұлттық талпыныс тұтас бір қазақ дейтін қалың елдің болашағына бағдар сілтеген еді. Олардың қайғысы – ұлттың қайғысы болатын.

Тәуелсіздік алған отыз жылымызда қай ұшпаққа шықтық? Осыны ойланар уақыт жеткен. Әлем бізді таныды деп жар салдық қой. Мейлі, танысын-ақ. Осы бір дүбәре амбициямен күреспей-ақ қойдық. Ал біз әлемді қаншалықты таныдық? Әлем жұртшылығының жеткен өркениетін қаншалықты игердік? Ғылымына бойладық па? Мәдениетін меңгердік пе? Әдебиетін таныдық па? Солармен салыстырғанда қазақ баласы, қазақ елі адамзат ақыл-ойының қай межесінде тұр екен?

Көкейіңді кеулеген осы бір сауалдардың жауабын анық білмесек те, болжаймыз. Артта, тым кейін қалдық... Бұл қазақ баласы надан деген сөз емес. Баспасөз бетінде Google, microsoft, facebook сияқты технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақ балалары туралы ақпарат жиі шығады. Немесе АҚШ-тың ақ үйінде лауамызды қызмет істейтін қазақ қызын кім естімеді? Әлемдік математикалық додаларда топ жарып жатқан да жеткіншектер жетеді. Академик Асқар Жұмаділдаев бұның неше мысалын да келтіріп берер.

Мемлекет басындағы ағалардың баяндамаларын тыңдасыңыз, әлемде жоқ өркениет, демократия бізде бар. Отыз елдің қатарына кіруге сәл-ақ қалып тұрмыз. Және өздері «осы қазақ жастары неге елден кетеді? Барлық жағдай жасалған ғой» деп аспаннан түскендей таңғалады.

Рас неге қазақ жастары шетелге кетіп жатыр? Қазақ неге артта қалды? 2020 жыл осы сауалдарды қоятын емес, жауап беретін жыл еді. Себебі өткен жыл – Абай жылы болатын. Абайша ойланып, Абайша толғанамыз дегендер баспасөз бетінде пішеннен көп болды. Бәрі күңіренді, теңселді. Абай боп сөйлеп, заманға хәкім боп қарады. Бірақ ешқайсысы Абайдай жауап айтпады. Бұл айдан анық дүние еді. Олардан Абайға шақ ой да күтпейсің. Бірақ неге осы жапа-тармағай абайтанушы болып, жапа-тармағай ұмытып кеттік. Осы науқаншылдық біздің мемлекетмізді де, ғылымымыз бен әдебиетімізді тұралатып бітті. Абайдың 150 жылдығы деп жиырма бес жыл бұрын жаһанды шулатқан қазақ былтырғы 175 жылдық мерейтойына дейін шидің басын сындырмаған ғой. Абайтануда жүйелі түрде атқарылған жұмыс жоқ. 2020 жылы уақыт қысып, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайдың үш томдығын шығарамыз деп әбігерге түсті де қалды. Абайтану деген әр мерейтой сайын әлек боп, жан ұшыра, жан таласып істейтін шаруа емес. Аздан болса да, үздіксіз атқарылар іс. Ал оған мемлекет саясаты дұрыс қарамайды. Себебі қазақ ғылыми институттары үш жылдық жобаларды ұсынып, министрліктен алып, соны атқарады. Ал М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының алдағы үш жылға ұсынған абайтануға байланысты жобасы өтпей қалды. Демек алдағы үш жылда абайтану тағы алға жылжымайды. Одан кейін тағы өтпей қалса, осылай-осылай қала бермек пе?

Абайдан қалған мәңгілік екі томның шешілмеген түйіні әлі көп. Текстологиядық жақтан да, мазмұндық жақтан да. Әр ұрпақ келген сайын өз көзқарасымен тани түспек. Бұл Абайды тануға әсер ететін – негізгі күш. Абайтануға қосылатын үлес болмақ. Бұл жөні бөлек тақырып.

***

Абайдың туғанына 175 жыл. Өтті. Кетті. Пандемия келді, карантин болды. Көп дүние қысқарып қалды. Бірақ жаз ортасында қолға алынған, ақша бөлінген дүниелерді халыққа ұсыну мақсатында жан таласқан жұмыс басталды. Соның бірі - «Қазақстан» арнасын түсірген «Абай» сериалы еді. Көрерменнің сынына ұшырап, көңілінен шықпады.

«Абай жолы» романының негізінде жазылған сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы. Қоюшы-режиссер – Мұрат Бидосов. Алты сериядан тұратын сериалдың өне бойында Абайды тануға деген бірде-бір талпыныс байқалмайды. Роман негізінде түсіріле салған. Режиссерлік шешім тым театрланған. Жалпы Болат Әбділманов ойнаған Абай Абай емес. Ол – роман желісімен түсіріліп жатқан сериалға кіріп кеткен Болат Әбділманов. Көзі шақырайған. Қимылы шалт. Бейне бір боксқа қатысқан спортшы сияқты. Қатып қалған, қойылған дауыс жұмсақ сөздерді талғамайды. Бәрін бірдей айтады. Көшеде досымен кездесіп қалса да, қарапайым сөйлей алмайды. Толғанып, күңіреніп кетеді. Ал Оспан мен Әбіш қайтыс болғанда, тіпті, нанымсыз ойнайды. Нағыз театр. Романның өзінде Абай күңіренген шал емес.

Сериалдағы Абай мен Салтанаттың кездесуін қалайша солай түсіруге болады? Өздері парасат бигінен алған Абайды бір сәтте бір қызға еміндіріп, көзін жылтыратып қояды. Болат Әбділмановтың сол кездегі Салтанатқа қарасы да кәсіби емес. Абай сүйген сұлулар туралы әңгіме естеліктерде аз емес. М. Мағауин де жазады. Жаттанды жолдан қашып, солардың бірін пайдаланса да болар ме еді? Әйтпесе Қуандық ақынның еркелігін түсіріп жеткізе алса, соның өзі қандай жарасамды һәм биік болар еді.

Жас Абай да, орта жастағы Абайда Құнанбайға шабынып тұр. Абай мен Құнанбай арасындағы қарым-қатынас өзгеше. Осыны романда Әуезов жақсы көрсеткен. Абай оқудан орала салғанда шешелеріне бет алады, сол кезде анасы «алдымен әкеңе бар» деп ымдайды. Ал сериалда осы бір әйбат дүниені пайдаланбаған. Абай оқудан келе салып, Зеренің құлағын ұшықтайды.

Зеренің рөлі де, Ділдә мен Әйгерімнің рөлі де тым сәтсіз шыққан. Шабалаңдаған жаман әйел емес. Жаңа ұрпақпыз, Абайды өзгеше тану керекпіз дегенде Ділдәны солай көрсету жаңашылдық па? Құдай-ау, естелік әңгімелер бар емес пе? Ділдәні олай көрсетпеуіміз керек. Әйгерімді де тым романдағыдай кіршіксіз махаббат идеалы деп білмеуіміз керек.

Сериалдың кеңесшісінің қатарында Тұрсын Жұртбай ағамыздың есімі жүр  екен. Мен Тұрсын ағамен сөйлескенде: «Абай туралы сериады «Абай жолы» романы бойынша түсіруге қарсымын» деген. Сондықтан бұл өте күмәнді деуге болады. Роман бойынша түсірсеңіз, Абайыңыз ашылады. Егер оны Болат Әбділмановтан гөрі басқа актер ойнаса. Ал есесіне Құнанбай, Шәкәрім, Ділдә, Әйгерім образдары мүлде басқаша шығады. Бұл сериалдағы Құнанбай да Құнанбай емес. Бауыржан Қаптағай!

Және тағы бір баса айтар дүние. Киіз үй ішіндегі түсірілген сахналардың бәрі бейне театр көшіп барғандай. Әкем театрдың бар киімі осы сериалға армансыз пайдаланылған ба деп қаласың. Жазды күні де қабат-қабат киініп, бөрік киген қазақ. Пандемияға байланысты қысқы сахналардың жоқтығы түсінікті. Сериалдың тілі де шор-шорт етеді.

Бұл тырнақ астынан кір іздеу емес. Жалпы роман бойынша сериал түсіруге болмайды. Бұл тым ескі жол. Абайды олай тани алмаймыз. Абайға маңайлай да алмаймыз. Ал Абайдың өлеңдерін сценарийге кіргізе беру тағы орынсыз. Оны Болат Әбділманов жер домалап оқиды. Сериал соңында нүкте қойған өлеңнің ешқандай көркемдік қызметі жоқ.

***

Болат Әбділмановтың Әуезов театрында былтыр «Абайдың жұмбағы» деген қойылымы сахналанды. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері негізінде сахналық нұсқасы жазған – жазушы Мадина Омарова.

Болат Әбділмановтың ол Абай мен бұл Абайының ешқандай айырмашылығы болмады. Екеуі де Абай емес. «70 жыл, 70 жыл, ә-ә-ә» деп алақ-жұлақ қарайтын тұсымен темір құрсаулы кезеңді астарлап айтқысы келгенмен, оны жеткізе алмаған. (Сериал соңында да Абай: «азаттықтық ақ таңы атар» деп сөйлейді!). Және сол қойылымды Абайдың өлеңдерін таңдаусыз оқи береді. Жазылған жылдарына мән берсе, ондағы жылы жақын өлеңдер бір-бірімен рухтас. Мағыналас, жақын. Абай жанының тұтастығы бар. Ал қойылымда Абайдың жас кезінде жазған өлеңін бір, қартайғанда жазған өлеңін екі оқып, қойыртпақ қып жібереді. Мағынасы мүлде бір-бірене келмейтін, семантикалық өрісте бір-біріне тартылмайтын өлеңдері оқиды. Ми батпақ. Мәселе Абайдың өлеңін гүрілдеп оқып беру емес қой. Ондағы ойларды жеткізу. Ал он өлеңін қатар оқысаңыз, кім не түсінеді? Және әртүрлі өлеңдер. Абайламай Абайға маңайлауға болмайды.

Қысқасы Болат Әбділмановтың екі Абайы да Тұрсынан Шапай айтқан мызғымас, монолит Абайлардың қатарын толықтырды. Басқа ешқандай олжа салмады.

***

Сол сериалдың артын ала ұлттық арна деректі фильм ұсынды. «Абайдың алғашқы кітабы».

Осы кезде «Хабар» арнасында «Абай жолы» сериалы шығып жатты.

***

"Абай жолы" сериалы. "Хабар" арнасында шықты. Бұл бір романның тағдырына арналған туынды. Нақты дерекке, көркем шешімдерге, романға негізделіп, екі линиялы сценарий бойынша түсірілген. Шегініс ішіндегі шегіністер, жиі-жиі ауысатын хронотоп көрерменді адастырмайды.

Роман тағдыры арқылы Әуезов трагедиясы, Абай қайғысы, Қайым қасіреті беріледі. Жалпы қазақ телеарнасына бұндай формадағы туындының шығуы алғаш емес шығар. Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманаты» бар. Орыстардың «Есенині» бар. Бұл да осы форманы өте сәтті пайдаланған туынды. Ізденіспен, жүрекпен жазылғаны сезіледі. Романға да, естеліктерге де, деректі шығармаларға да сүйенгені жақсы болған.

Алты серияда бір сағатқа жуық, толымды дүниелер. Қазақ экранына Қайым Мұхамедхановтың шығуы үлкен жаңалық болды. Қайымның еңбегін әлі бағалай алмай жүрміз. Зерттеп те үлгерген жоқпыз. Жалпы Қайым туралы бөлек дүние түсіруге болар еді... Қайым Мұхамедханов Әуезовтің «Абай жолына» материал жинауыа көп көмектескен. Сенімді серігі еді. Жәй шәкірті ғана емес. Әуезовтің Қайымға берген үш үлкен тапсырмасы бар. Абайдың ақындық мектебін зерттеу, Абайдың текстологиясымен айналысу және Абай музейін ашу. Қайым осы үш тапсырманы да орындаған жан. Осы нәрсе сериалда байқалады. Еркебұлан Дайыровтың сенімді ойыны да көрерменін иландыра түскен.

Сонау бір жылдары Жидебайға барғанда Шәукімбаймен «танысып» қайтып едім. Оның әртүрлі әңгімелерін естіп, күлкіге қарқ боласың. Оның да бір кейіпкер ретінде кіргені тарихи әділеттілік сияқты сезілді. Абай өлгенше есігінде адал қызмет еткен Шәукімбай енді жаңа заманда да өз орнын тауыпты. Қатты қуандық. Жүсіп Ақшора да иландырады. Соңғы балтаны шөркеге ұрып отырғанында да сондай шынайы, қайғылы. Бұл сериалдағы Абайды өзге Абайлардан өзгеше ғып тұрғанда осы Шәукімбай ғой.

Режиссер де тек сценарийді емес, көріністерді де сөйлете білген. Ылғи түн, жарық ай көріністері әлдедені мегзейді. Сталин өлгеннен кейінгі көктемнің келуі, мұздың еріп, күн сәулесінің түсуі де әйгілі жылымықты айтады. Соңында Абай қайтқанда ымырт жабылады. Бұл Мұрат Есжанның табиғатпен де жұмыс істеуге тырысқанын аңдатады.

Актерлерден Қайым мен Шәукімбайға, Әбішке риза боласың. Абайды біреулер қабылдап, біреулер қабылдамай жатыр екен. Маған Айдос Бектемірдің жайбарақат отырғандағы Абайы ұнады. Ал ызаланғанда Абайша емес, Айдос Бектемірше ызаланатындай көрінді.

Ал Мағаш пен Кәкітайдың орны ауысып кеткендей мен үшін. Кәкішті ойнаған актер Мағаш болғанда ғой. Оның үстіне көсе болса, тіпті жақындай түсер еді. Мағаш өзі нәзік, жұқа, жібектей адам болған ғой. Ал Кәкітайға Мағаш боп жүрген актер әбден келер еді.

Нұрлан Әлімжанның Көкбаймен жолыққандағы бейнесі Әуезовке жақындауға тырысты. Валентина Николаевнаның рөліндегі актриса да жазушы жарына ұқсамады.

Сәкен Жақсылықұлының Әуезові жақсы шықты. Барынша жазушы образына еніп, ұстамды ойнады.

Сценарийдегі екі линиядағы оқиғалар қатар жүріп отырады. Абай да қуғынға түседі. Әуезов те қуғындалады. Елдар мен Әбіш қатар өледі. Әуезов пен Абайды бір сезімде қатар алып шығуға тырысқан. Бұл да көрермене жақсы әсер еткен дүние болды деп ойлаймын.

Енді сахнадағы қателіктер (киноляп) біршама бар екен. Олар дубль түсіргенде кеткен болуы керек. Бастала салғанда Баймағанбетің Мағашты «Мағыш» дегені де құлаққа түрпідей тиді.

Жалпы «Хабар» арнасының бұл Абайы көрермен көңілінен шыққандай. Жас режиссер Мұрат Есжанның да өз ісіне тиянақты, ұқыпты, жауапкершілікті сезіне қарайтынын аңдағандай болдық. Бұндай режиссерден артық дүние күтіп, талап ете бергің де келеді екен.

Әйтпесе, кино мен театрды ажыратпай түсіретіндерден не талап етесің...

***

Абайға жақындаймыз деген сайын алыстап барамыз. Алыстаған сайын Абай да биіктеп барады.

Байланысты жаналықтар

Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

29.08.2023

Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

10.08.2023

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

07.06.2023

Соққыға жығылған жігіт өз-өзіне қол салды

14.09.2021

Анахронизм, Абай, Авраам

23.08.2021

Ахмет мерейтойына не дайындап жатырмыз? Кино, сериал, академиялық жинақ...

18.08.2021
MalimBlocks
Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

Ұлы ақынға Қалидің құдіретті де әсерлі үні ұнайды

Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

Алғашқы хат, қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

Абайдың қолжазбалары, домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуіне қауіп төніп тұр

Соққыға жығылған жігіт өз-өзіне қол салды

Анахронизм, Абай, Авраам

Ахмет мерейтойына не дайындап жатырмыз? Кино, сериал, академиялық жинақ...