Malim.kz
Абай-175

Абай. Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ...

Malim Админ

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,

Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып, басады алшақ.

Қарсы алдына жымырып келтірем деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді,

Қолында бір сабауы бар, о дағы аппақ.

Керегеге сабауды шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

 

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары