Семей қаласына жақын Абай тас жолында болған оқиға салдарынан келісімшарт бойынша әскери қызметші қаза тапты. Бұл туралы Абай гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан болған.
Белгілі болғандай, 5 наурыз күні сағат 9:40-та Қорғаныс министрлігінің полигонында, Семейден 40 шақырым жердегі Абай тас жолында КРАЗ жүк көліктерін сүйрету кезінде олардың арасында келісімшарт бойынша әскери қызметші қыстырылып қалған.
«2026 жылғы 5 наурызда Абай облысында әскери техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан келісімшарт бойынша әскери қызметші өмірге қауіпті ауыр жарақат алды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Оқиға орнында құзырлы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді Абай гарнизонының баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оларға белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті қолдау көрсетіледі», – делінген әскери ведомство хабарламасында.
Еске салайық, қаңтар айында Ақтауда келісімшарт бойынша әскери қызметшіні қызметтік КамАЗ көлігі қағып, ол қаза тапқан болатын. Қайғылы жағдай да Құрлық әскерлерінде болған.
Әскери ведомствоның мәліметінше, қолайсыз ауа райы, көктайғақ, көрінудің шектелуі және түнгі уақыт салдарынан КамАЗ көлігі әскери қызметшіні қағып кеткен.