Абай облысының Бородулиха ауылында пышақ жарақаттары бар қыздың мәйіті табылды. Кісі өлтірді деген күдікпен 20 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қылмыс 13 шілде күні болған. Таңғы сағат алты шамасында ауыл тұрғыны өз үйінің маңынан көз жұмған қыздың мәйітін тауып алған.
Полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Көп ұзамай ауданның 20 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм бір-бірін танитын болған. Олардың арасында жеке бас араздығынан жанжал туындаған", – деп мәлімдеді Абай облыстық Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайы анықталып жатыр.