Malim.kz
Абай-175

Абай. Патша құдай, сыйындым...

Malim Админ

Патша құдай, сыйындым

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме.

Арғын, Найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды,

Тобықтының езіне.

Самородный сары алтын

Саудасыз берсең, алмайды

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз сары қамқаны,

Садаға кеткір сұрайды

Самарқанның бөзіне.

Кеселді түйін шешілсе,

Кердең мойын кесілсе,

Келмей кетпес кезіне.

О да құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің,

Тәңірінің құрған тезіне!

Malim Админ
Автордың басқа материалдары