Malim.kz
MALIMet

Әдемі тырнақтың артында қандай қауіп бар

Алуа Әшірбекова
Фото: canva

Маникюр бүгінде көптеген адамның күнделікті күтімінің бір бөлігіне айналды. Гель-лак бірнеше апта бойы тырнақтың әдемі көрінуіне мүмкіндік береді, ал түрлі дизайн оны сәннің бір элементіне айналдырды. Алайда тырнақты жиі жабу, ультракүлгін шам қолдану және кутикуланы кесу кей жағдайда денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін, деп Malim.kz тілшісі, American Academy of Dermatology дерегіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Дерматологтардың айтуынша, гельді маникюрді жиі жасату тырнақ пластинасын әлсіретіп, оның сынғыш, жұқа әрі құрғақ болуына әкелуі мүмкін. Әсіресе жабынды алып тастау кезінде тырнақты қатты егеу, қыру немесе гель-лакты күшпен жұлу табиғи тырнақтың үстіңгі қабатын зақымдайды. 

Тағы бір мәселе – аллергиялық реакция. Гель-лак пен жасанды тырнақ жасауға арналған өнімдердің құрамындағы метакрилаттар кей адамдарда контактылы дерматит тудыруы мүмкін. Британ дерматологтар қауымдастығы мұндай реакция тек саусақта ғана емес, қабақта, бетте және мойында да байқалуы мүмкін екенін ескертеді. Қышу, қызару, ісіну немесе тырнақтың ажырауы аллергияның белгілері болуы ықтимал. 

Мамандар әсіресе гель теріге тиіп кеткен жағдайда қауіп жоғарылайтынын айтады. Толық қатпаған материалмен жанасу ағзаның акрилаттарға сезімталдығын қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан үй жағдайында қолданылатын гель-лак жиынтықтарына да сақтықпен қараған жөн. 

Маникюр шамының да әсері бар. Гель-лакты кептіруге арналған шамдар ультракүлгін сәуле бөледі. American Academy of Dermatology қайталанатын ультракүлгін әсер қол терісінің ерте қартаюына және тері обыры қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін екенін жазады. Дегенмен бұл бір рет маникюр жасатқан адам міндетті түрде қатерлі ісікке шалдығады дегенді білдірмейді. Harvard Health дерегінде де тәуекел адамның мұндай процедураны қаншалықты жиі жасататынына байланысты екені айтылады. 

Маникюр кезіндегі тағы бір маңызды мәселе — кутикуланы кесу. Кутикула тырнақ пен теріні бактериялардан қорғайтын табиғи тосқауыл саналады. Оны терең кесіп тастау немесе жарақаттау микроорганизмдердің енуіне жол ашып, қабыну мен инфекцияға әкелуі мүмкін. Осы себепті дерматологтар кутикуланы кесуден бас тартуға және салондағы құралдардың әр клиенттен кейін дұрыс зарарсыздандырылғанына назар аударуға кеңес береді. 

Сонымен қатар гель-лакты кетіру үшін жиі қолданылатын ацетон тері мен тырнақты құрғатуы мүмкін. Ал тырнақты қайта-қайта егеу оның табиғи қабатын жұқартады. Сондықтан мамандар маникюр арасында үзіліс жасап, тырнаққа қалпына келуге уақыт беруді ұсынады. 

Дерматологтар гельді маникюрден толық бас тартуға шақырмайды. Бірақ процедура кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды. Мамандар қол терісіне SPF 30 немесе одан жоғары күннен қорғайтын крем жағуды, ультракүлгін сәуледен қорғайтын саусақ ұшы ашық қолғап пайдалануды, гельді теріге тигізбеуді және жабынды өз бетімен жұлып алмауды ұсынады. 

Әдемі маникюр бірнеше аптаға созылғанымен, оның артындағы күтім тырнақ пен терінің денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әсемдік үшін жасалатын процедураның қауіпсіздігіне де мән берген дұрыс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары