Malim.kz
Саясат

Кезектен тыс съезде «Әділет» партиясының мақсат-міндеттері айтылды

Айбын Атабай
Фото: BAQ.KZ

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жаңа Ата заң нормаларының саяси партияларға әсері жөнінде, сондай-ақ, «Әділет» партиясының мақсат-міндеттері жайында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.

Аталған партияның Астанада өткен кезектен тыс III съезінде ол ең алдымен жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталды.

– Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституциялық дәуірге қадам басты. Бұл Конституция мемлекеттік құрылысты заман талабына сай өзгерткен құқықтық іргетасқа, тәуелсіз Қазақстан дамуының өзгеше дәуірін айқындаған тарихи таңдауға айналды. Ол азамат пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімді үйлесімді негізде қайта орнықтырып, әділеттілікке, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне және жауапты мемлекеттік басқаруға сүйенетін тың саяси жүйенің негізін қалады, – деді Айбек Дәдебай.

«Әділет» партиясының кезектен тыс III съезінде жаңа Конституцияға байланысты Жарғыға енгізілген өзгерістер және партияға мүшелік жарнасы бекітілді.

Жалпы, Жарғыдағы 40 ережеге өзгерістер енгізілді. Олар өзара байланысты үш бөлімге топтастырылған. Алғашқысы Жарғыны жаңа Конституцияға және қазіргі заңнамаға сәйкестендіруге арналған.

Екіншісі партияның ішкі басқару жүйесін жетілдіруді қарастырады. Онда басқарушы органдардың құзіреттері нақты белгіленген, сондай-ақ, заманауи және тиімді ұйымдастыру механизмдері енгізілген.

Үшінші бөлім құжатты редакциялық және жүйелі түрде түзеуге бағытталған.

Сонымен қатар, съезд делегаттары мүшелік жарнаны бекітті. Жұмыс істейтін азаматтар үшін айлық жарна 0,1 АЕК деңгейінде болса, ал студенттерге — 0,01 АЕК.

Зейнеткерлер, мүгедектігі бар кісілер, бала күтіміне байланысты демалыстағы ата-аналар және мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері мүшелік жарнаны төлеуден толықтай босатылады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары