Malim.kz
MALIMet

Ағартушыдан әлемдік жұлдыздарға дейін: 2 қарашада кімдер туған?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

2 қараша – қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин, актер Азамат Сатыбалды және әлемге әйгілі Шахрух Хан дүниеге келген күн. Malim.kz осы күні туған қазақстандық және шетелдік тұлғалар туралы қысқаша мәлімет ұсынады.

Ыбырай Алтынсарин – туғанына 185 жыл

1841 жылғы 2 қарашада қазақтың көрнекті ағартушысы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген. Ол қазақ балаларының білім алуына жол ашып, мектептер ұйымдастыруға өмірін арнады. 1864 жылы Торғайда өзі ашқан мектепте балаларды оқыта бастады.

1879 жылы жарық көрген "Қазақ хрестоматиясы" ұлттық оқу-ағарту тарихындағы маңызды еңбектердің бірі болды. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері мен тәрбиелік әңгімелері бірнеше ұрпақтың рухани азығына айналды. Биыл ағартушының туғанына 185 жыл толады.

Шона Смаханұлы – туғанына 102 жыл

1924 жылғы 2 қарашада ақын, сатирик Шона Смаханұлы дүниеге келген. Жамбыл облысының Талас ауданында туған қаламгер қазақ әдебиетінде өткір әзілімен, қоғамдағы кемшіліктерді әшкерелеген сатиралық шығармаларымен танылды.

Оның "Тотияйын", "Ұр, тоқпағым, ұр!", "Қоңыраулы шеңгел", "Өткірдің жүзі" секілді кітаптары бар. Шона Смаханұлы ана тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға да белсене атсалысты. Биыл қаламгердің туғанына 102 жыл толады.

Бақыт Кәрібаева – туғанына 83 жыл

Әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы Бақыт Кәрібаева 1943 жылғы 2 қарашада Жаңаарқа өңірінде дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетіндегі көркемдік ізденістерді, поэзияның табиғаты мен қаламгерлердің шығармашылық ерекшеліктерін зерттеген.

Ғалым әдеби сынмен қатар эссе жанрында да еңбек етті. Оның мақалаларында Абай мен Мұхтар Әуезов мұрасы, қазақ лирикасы, әдебиеттегі стиль мен көркемдік өлшем мәселелері қарастырылған. 2 қарашада әдебиеттанушының туғанына 83 жыл толады.

Азамат Сатыбалды – 49 жаста

Театр және кино актері, продюсер Азамат Сатыбалды 1977 жылғы 2 қарашада Жамбыл облысының Мерке ауданында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында театр және кино актері мамандығын меңгерген.

Еңбек жолын Қостанай облыстық қазақ драма театрында бастап, кейін Мұхтар Әуезов атындағы театрда қызмет етті. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын, Жүргенов атындағы өнер академиясын және "Қазақфильм" киностудиясын басқарған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 2 қарашада 49 жасқа толады.

Шахрух Хан – 61 жаста

Үнді актері әрі продюсер Шахрух Хан 1965 жылғы 2 қарашада дүниеге келген. Ол хинди тіліндегі киноның ең танымал өкілдерінің бірі саналады. Көрермен арасында SRK және "Кинг Хан" деген аттарымен де белгілі.

Романтикалық кейіпкерлері арқылы кең танылған актер кейін драмалық және экшн жанрларында да өнер көрсетті. Оның шығармашылығы Үндістаннан тыс елдерде де үлкен аудитория жинады. Биыл Шахрух Хан 61 жасқатолады.

Дэвид Швиммер – 60 жаста

Америкалық актер әрі режиссер Дэвид Швиммер 1966 жылғы 2 қарашада дүниеге келген. Оны әлем көрермені "Достар" – Friends телехикаясындағы Росс Геллер рөлі арқылы жақсы таниды.

1994–2004 жылдары көрсетілген сериал актердің шығармашылық жолындағы ең әйгілі жобасына айналды. Швиммер "Мадагаскар" анимациялық фильмдеріндегі керік Мелманды да дыбыстаған. 2 қарашада актер 60 жас мерейтойын атап өтеді.

Берт Ланкастер – туғанына 113 жыл

Голливуд актері Берт Ланкастер 1913 жылғы 2 қарашада дүниеге келген. Киноға келмес бұрын цирк өнерімен айналысқан ол кейін қырық жылдан астам уақытын экранға арнады.

Ланкастер "Элмер Гантри" фильміндегі рөлі үшін үздік ер адам рөлі аталымында «Оскар» алды. Оның танымал жұмыстарының қатарында "Алькатрас құсбегі", "Барыс" және "Атлантик-Сити" фильмдері бар. Актер 1994 жылы өмірден өтті. Биыл оның туғанына 113 жыл толады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары