Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бір отбасының төрт мүшесін аяусыз өлтіру ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталды. Атышулы іс бойынша басты күдікті – отбасының күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев. 29 мамырда Сәрсемалиевтің ата-анасы сотта куәгер ретінде түсінік берді.
Сот залына алғашқылардың бірі болып сотталушының әкесі - Самиғолла Сәрсемалиев шақырылды. Белгілі болғандай, қарт кісінің есту қабілеті нашар және аяғынан алған жарақатына байланысты қиындықпен қозғалады.
Әкесі сот залына келгенде сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев қатты қобалжыды. Әкесі түсінік беріп жатқанда ол көз жасына ие бола алмады, алайда судья Зарема Хамидуллинаның денсаулығына қатысты сұрақтарына жауап бере отырып, "бәрі жақсы" екенін айтты.
Сотталушының әкесі сотқа Сәрсемалиевтер отбасында төрт бала бар екенін, Сұлтанның кенжесі екенін мәлімдеді. Бұдан әрі қарт кісі сотқа ұлы мен оның жұбайы - қаза тапқан ерлі-зайыптылардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның арақатынасы туралы айтып берді.
"Ұлым балаларына да, әйеліне де ешқашан агрессия көрсеткен емес. Олардың арасында жанжал болған жоқ, Сұлтан үй ішіндегілерге әрдайым сыпайы әрі сабырлы қарайтын", - деді айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемалиев сотта.
Айта кетейік, сотта айыпталушының анасы да түсінік берді.
Сұлтан Сәрсемалиев - Атырау облысындағы бір отбасының бұрынғы күйеу баласы, ол төрт адамды - бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, ағасы мен әпкесін өлтірді деп айыпталып жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс 2025 жылы ұзаққа созылған отбасылық жанжал салдарынан жасалған. Іс материалдарында көрсетілгендей, ол марқұмдардың денесін жалдамалы үйдің ауласына және қаза тапқан ерлі-зайыптылар тұрған үйдің қорасына көміп, жасыруға тырысқан.
28 мамырда Атырауда бұл іс бойынша басты сот талқылауы басталды. Сотта прокурорлар қылмыс эпизодтарының егжей-тегжейін, соның ішінде кісі өлтіру жағдайлары мен мәйіттер мен айғақтарды жасыру әрекеттерін жариялады. Бұл іс Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырды.