"КешYOU" тобының бұрынғы әншісі Айдана Меденованың әлеуметтік желідегі кезекті жазбасы қызу талқыға түсті. Оқырмандар мұны Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың бұған дейін айтқан сынына берген жауабы деп топшылап отыр, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Айдана Меденова Instagram парақшасында денесіне жабысып тұратын киіммен түскен суретін жариялап, әзіл аралас жазба қалдырды.
"Барып уборка жасайын бүгін", – деп жазды әнші.
Сонымен қатар өнер иесі суретіне өзінің "Hey, Hater" әнін қосқан.
Бұған дейін Мақпал Жүнісова Айдана Меденованың жаңа жылдық түсірілім кезінде киген сахналық киіміне қатысты пікір білдірген еді.
"Мен мұндай ласинамен үйде уборка жасаймын", – деп жазған халық әртісі.
Мақпал Жүнісованың бұл пікіріне 4,4 мыңнан астам адам лайк басып, 200-ден астам жауап жазған.
Енді желі қолданушылары Меденованың жаңа жазбасын халық әртісінің сөзін мысқылға айналдыруы мүмкін деп болжап отыр. Кейбір оқырмандар әншінің әрекетін әзілге баласа, енді бірі аға буын өкілінің сынына бұлай жауап беруді орынсыз санаған.
Дегенмен Айдана Меденова жазбасында Мақпал Жүнісованың есімін атамаған. Сондықтан оның бұл сөзі нақты кімге бағытталғаны белгісіз.
Айдана Меденова кім?
Айдана Меденова – қазақстандық эстрада әншісі, "КешYOU" тобының бұрынғы мүшесі. 1991 жылы 28 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген.
Өнерлі отбасында өскен Айдана бес жасынан бастап ән айтқан. Бала кезінде музыка мектебінде білім алып, фортепиано мен скрипка аспаптарын меңгерген. Кейін Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында интерьер дизайнері мамандығы бойынша білім алған.
2012 жылы "КешYOU" тобының құрамына қабылданып, Жанар Дұғалова және Кәмшат Жолдыбаевамен бірге өнер көрсетті. Үш әншіден құралған бұл ұжымды тыңдармандары топтың "алтын құрамы" деп атап кеткен.
2015 жылы Айдана Меденова топтан кетіп, жеке шығармашылығын қолға алды. Оның репертуарында "Су", "Махаббат аңызы", "Әкеге алғыс" сынды әндер бар.
Сол жылы продюсер Әлішер Нұржановқа тұрмысқа шықты. Бүгінде үш баланың анасы. Әншіліктен бөлек, кәсіпкерлікпен де айналысқан. 2018 жылы жұбайымен бірге O'ZGE жобасын таныстырды.
Кейінгі жылдары сахнадан біраз уақыт қол үзген өнер иесі 2026 жылы шығармашылығына қайта оралды. Қазір жаңа әндерін ұсынып, түрлі концерттер мен телевизиялық түсірілімдерге қатысып жүр.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әншілік өнерге бейім болып, Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде білім алған. Қобыз бен домбыра аспаптарында ойнауды меңгерген.
Кәсіби өнер жолын "Гүлдер" ән-би ансамблінде халық әндерін орындаудан бастаған. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік бірлестігінде еңбек етіп, "Назерке" ансамблін ұйымдастырған.
1981 жылы Днепропетровск қаласында өткен бүкілодақтық ән байқауында бас жүлде иеленіп, Кеңес Одағының үздік әншілерінің қатарына енген.
1994 жылы Қазақстанның халық әртісі атағы берілсе, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ "Азия дауысы" халықаралық байқауында екі мәрте бас жүлде жеңіп алған.
Әншінің орындауындағы "Ғашық жүрек", "Қыз ғұмыр", "Фариза қыз", "Қоштасу" сынды шығармалар халықтың сүйікті әндеріне айналған. Өнер иесінің репертуарында халық әндерімен қатар қазақ композиторларының туындылары да кеңінен орын алған.
Мақпал Жүнісова қырық жылдан астам уақытын сахна өнеріне арнаған. Ол әлеуметтік желіде де белсенді болып, әріптестерінің шығармашылығына, сахна мәдениетіне және қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пікірін ашық білдіріп жүр.