Malim.kz
Экономика

Айдархан Құсайынов: Қазақстанға мысты шикізат күйінде сатудан гөрі терең өңдеу тиімді

• Мадияр Қапанбек
Фото: Depositphotos.com

Экономист мыс өңдеуге инвестицияны қалай тартуға болатынын және Қазақстан негізінен шикізат экспорттаудан бас тартса, одан қандай пайда көретінін түсіндірді.

Қазақстанда өз өнеркәсібін дамыту және экономиканың шикізаттық моделінен арылу қажеттілігі бұрыннан айтылып келеді. Алайда шикізатты экспорттаудан қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу әлі де ел экономикасының негізгі міндеттерінің бірі болып отыр.

Осы тақырып күні кеше Үкімет отырысында тағы да көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету тетіктерін пысықтауды және терең өңдеуге инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Бұл мәселе әсіресе мыс саласы үшін өзекті. Қазақстанның шикізат қоры айтарлықтай болғанымен, қазіргі металлургиялық кәсіпорындар жаңғыртуды қажет етеді. Оның үстіне әлемдік мыс өңдеу нарығы да күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мыстың бағасы жоғары болғанның өзінде оны өңдеу әрдайым табысты бола бермейді.

Сонымен қатар Қазақстан өзінің металлургиялық қуатын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бірақ мұндай жобаларды іске асыру үшін тек шикізат қорының болуы жеткіліксіз. Ұзақ жылдарға есептелген инвестиция мен түсінікті экономикалық жағдай қажет.

Қазақстан өз металлургиясын қалай сақтап, қалай дамытуы керек? Жеке инвестиция тарту үшін қандай жағдай қажет? Өндіруші компаниялар мен өңдеушілердің мүддесін қалай теңестіруге болады?

Осы мәселелер туралы Informburo.kz басылымына берген сұхбатында экономист Айдархан Құсайынов айтып берді.

Қазақстан өз металлургиясынан айырылып қалуы мүмкін

– Айдархан, Қазақстанда өз шикізатымызды өңдеуді дамыту қажеттілігі туралы бірнеше онжылдықтан бері айтылып келеді. Алайда мыс металлургиясында айтарлықтай серпіліс байқалмайды. Неліктен бұлай болды және бүгінде саланың дамуына не кедергі?

– Жақында Қазақстандағы мыс саласының 1990 жылдан бері қалай дамығанын көрсететін қызық статистиканы көрдім. Меніңше, ол біздің негізгі проблемамызды өте анық көрсетеді.

Соңғы 35 жылда мыс кенін өндіру көлемі төрт еседен астам өсті – 38,5 миллион тоннадан 163,7 миллион тоннаға дейін жетті. Ал тазартылған мыс өндірісі іс жүзінде бұрынғы деңгейінде қалып отыр.

Әрине, кен – дайын мыс емес. Мұнда металдың кен құрамындағы үлесі, байыту және өңдеу технологиясы секілді мәселелер бар.

Бірақ бұдан шығатын негізгі қорытынды өзгермейді: Қазақстан кен өндіруде үлкен серпіліс жасады, ал металлургия саласында соған сай даму болған жоқ.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жаңа ірі кен орындарын игерді, тау-кен кәсіпорындары мен байыту фабрикаларын іске қосты. Кен өндіруге миллиардтаған доллар инвестиция салынды және оның нәтижесін бүгінде көріп отырмыз.

Ал металлургияға дәл сондай ауқымды инвестициялық серпін болған жоқ.

Нәтижесінде біз әлі күнге дейін өткен ғасырда салынған кәсіпорындарға арқа сүйеп отырмыз. Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істейді, ал Жезқазған зауыты 1970-жылдары іске қосылған.

Кез келген жабдық тозады, технологиялар ескіреді, ал экологиялық талаптар қатаңдай береді. Сондықтан металлургиялық кәсіпорындарға тұрақты түрде жаңғыртуға инвестиция қажет.

Бұл тек өнімділік пен табыс мәселесі емес. Бұл – қызметкерлердің қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қалалар тұрғындарының денсаулығы және қоршаған ортаның жағдайы.

Одан бөлек, мен мұны ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде де қарастырар едім. Өйткені өз металлургиясының болуы – стратегиялық маңызды өндірістік қуат, білікті мамандар және өз ресурстарыңды өзің өңдеп, шетелдік кәсіпорындарға толық тәуелді болмау мүмкіндігі.

Сондықтан жұмыс істеп тұрған металлургиялық қуатты жоғалту оны кейін қайта қалпына келтіруден әлдеқайда оңай.

Қажетті инвестицияны неғұрлым ұзақ кейінге қалдырсақ, кәсіпорындарды жаңғырту соғұрлым қымбатқа түсуі мүмкін.

Ең күрделі мәселе – қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды мыс өңдеу экономикасының өзі күрделі дағдарысқа тап болған кезеңде жаңғыртуға тура келіп отыр.

Кен өндіруші компаниялар мыс концентратын өндіреді, ал металлургиялық зауыттар оны металлға айналдырады. Осы қызмет үшін арнайы төлем – TC, яғни Treatment Charge қарастырылған.

2026 жылы оның әлемдік бағдарлық көрсеткіші нөлге дейін төмендеді, ал споттық көрсеткіштер тіпті теріс мәнге жетті.

Бірақ зауыттар тегін жұмыс істей бастаған жоқ. Олар әлі де электр энергиясына, қызметкерлердің еңбекақысына, жөндеу жұмыстарына және экологиялық шараларға ақша жұмсайды.

Салыстыру үшін айтайын: 2025 жылы әлем бойынша мыс балқыту кәсіпорындарының тікелей шығындары орта есеппен құрғақ концентраттың бір тоннасына шамамен 124 долларды құрады. Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 58 доллар болды.

Бұл есепке күрделі инвестициялар әлі кірген жоқ.

Әрине, металлургиялық зауыттың экономикасы тек TC мөлшерлемесіне ғана тәуелді емес. Қосымша табыс көздері де бар. Мысалы, алтын, күміс және күкірт қышқылын сатудан түсетін кіріс.

Бірақ бұл өнімдердің бағасы өте құбылмалы. Бүгін олар айтарлықтай табыс әкелуі мүмкін, ал ертең нарықтағы жағдай өзгеріп кетеді.

Сондықтан миллиардтаған инвестицияны жоспарлағанда тек ілеспе өнімдерге сену тым тәуекелді болар еді.

Осылайша, парадокс туындайды: ондаған жыл бойы Қазақстан кен өндіруді ұлғайтуға инвестиция салды, ал енді әлемдік өңдеу экономикасы айтарлықтай күрделенген кезде жұмыс істеп тұрған металлургиялық өндірісті жаңғыртуға мәжбүр болып отыр.

Сондықтан өз металлургиялық қуатымыздың бар екенін қалыпты және мәңгілік жағдай деп қабылдауға болмайды.

Егер біз мыс өндіретін ғана емес, оны өзіміз өңдейтін ел болып қалғымыз келсе, жаңғыртуға инвестиция салуды әрі қарай кейінге қалдыруға болмайды.

Әлемдік парадокс: мысқа сұраныс өсіп жатыр, ал зауыттар жабылып жатыр

– Бұл проблема әлемде қаншалықты күрделі? Мыс қымбаттап, сұраныс өсіп жатса да, кей елдерде металлургиялық кәсіпорындар өндірісті қысқартып немесе мүлдем жабылып жатыр. Мұны қалай түсіндіруге болады?

– Мәселе мынада: мысқа деген жоғары сұраныс оның өңделуі міндетті түрде табысты болады дегенді білдірмейді.

Бүгінде көптеген елдерде мыс балқыту саласы елеулі экономикалық қиындықтарға тап болып отыр.

АҚШ-қа қараңыз. 1980-жылдары онда шамамен 15 мыс балқыту зауыты жұмыс істеген. Қазір небәрі екеуі қалды.

Чилиде де кейбір кәсіпорындар жабылды. Филиппиндегі PASAR зауыты 2025 жылдың ақпанында жұмысын уақытша тоқтатты.

Себептері әртүрлі: жоғары шығындар, ескірген технологиялар, экологиялық талаптар, кәсіпорындардың толық қуатта жұмыс істемеуі.

Бірақ жалпы қорытынды біреу: мысқа сұраныстың жоғары болуының өзі мыс балқыту зауытының тұрақты экономикасын қамтамасыз ете алмайды.

Ал Қытайда жағдай өзгеше.

Соңғы жиырма жылда Қытай мыс өңдеудің әлемдегі ең ірі орталығына айналды.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту көлемінің өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі.

Бірақ ондағы жағдай да мүлдем басқа: өндіріс ауқымы өте үлкен, технологиясы заманауи, инфрақұрылымы дамыған және шығындары айтарлықтай төмен.

Осының арқасында Қытай кәсіпорындары бәсекеге төтеп бере алады. Дегенмен өңдеу мөлшерлемелерінің төмен болуы оларға да қысым жасап отыр.

Сондықтан Қазақстан үшін халықаралық тәжірибені ескеру өте маңызды.

Біз елімізде мыс кен орындары мен өз металлургиялық зауыттарымыз бар болса, бұл сала үнемі жұмыс істей береді деп ойлауға үйреніп қалғанбыз.

Бірақ әлемдік тәжірибе бұлай емес екенін көрсетеді.

Металлургияны бір рет салу жеткіліксіз.

Оны үнемі дамыту, жаңғырту және бәсекеге қабілетті жұмыс істеуіне жағдай жасау керек.

Әйтпесе көпжылдық тарихы бар кәсіпорындардың өзі жабылу қаупіне тап болуы мүмкін.

Инвестиция үшін тариф: металлургияны қалай дамытуға болады?

– Егер әлемдік металлургия үшін жағдай осыншалықты күрделі болса, Қазақстан не істеуі керек? Басқа елдер бұл мәселені қалай шешіп жатыр?

– Барлығына ортақ әмбебап шешім жоқ. Әр ел бұл мәселені өзінше шешуге тырысады.

Мысалы, Индонезия ел ішінде өңдеуді дамыту үшін мыс концентратын экспорттауға шектеу қояды.

Конго Демократиялық Республикасы 2026 жылы мыс және кобальт концентраттарын сыртқа шығаруға қойылған тыйымды жаңартты. Дегенмен жекелеген жағдайларда ерекшеліктер қарастырылған.

Басқа елдер жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдауға басымдық береді.

Мысалы, Австралияда Mount Isa мыс балқыту зауыты мен Townsville тазарту кәсіпорнын қолдау үшін үш жылға шамамен 395 миллион АҚШ долларын бөлу жоспары жарияланды.

Қытайда мәселе басқа.

Онда мыс балқыту қуаттарының одан әрі шамадан тыс ұлғаюын тежеу және олардың шикізат базасын күшейту міндеті тұр.

Ел геологиялық барлауға, өз өндірісін арттыруға және шетелдік концентрат жеткізушілермен ұзақ мерзімді келісімдер жасауға басымдық береді.

Яғни негізгі екпін зауыттар санын көбейтуден өндіріс пен өңдеу арасындағы теңгерімді сақтауға ауысып отыр.

Ал Қазақстанға келсек, меніңше, бізге кен өндіруші компаниялар мен өңдеушілердің мүддесі арасындағы өз теңгерімімізді табу қажет.

2025 жылы біз 1,4 миллион тоннадан астам мыс кені мен концентратын 2,8 миллиард долларға экспорттадық.

Сонымен бірге елдегі қазіргі металлургиялық қуат өндірілетін барлық шикізатты өңдеуге жеткіліксіз.

Бізде ішкі өңдеуге басымдық беретін белгілі бір механизмдер қазірдің өзінде бар.

Мысалы, құрамында бағалы металдар бар шикізатты экспорттау кезінде алдымен отандық өңдеушілерге жүгіну рәсімі қарастырылған.

Бірақ мынаны түсінуіміз керек: ертең концентрат экспортын толық шектеп тастасақ та, қосымша өндірістік қуат өздігінен пайда болмайды.

Ол үшін инвестиция қажет.

Бұл бағытта белгілі бір қадамдар жасалып жатыр.

Мысалы, Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр.

Мұнда мәселе тек қосымша мыс көлемінде емес.

Заманауи металлургия концентраттан бағалы металдарды бөліп алуға, күкірт қышқылын және басқа да ілеспе өнімдерді өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл – қосылған құнның едәуір бөлігін ел ішінде қалдыруға мүмкіндік.

Алайда мұндай көлемдегі инвестиция мемлекет өңдеуді дамыту туралы шешім қабылдады екен деп өздігінен келмейді.

Инвестор кәсіпорынның қандай жағдайда жұмыс істейтінін, өңдеу құны қалай қалыптасатынын және салынған қаражаттың қалай өтелетінін түсінуі керек.

Сондықтан, меніңше, Қазақстанға шикізатты экспорттауды жай ғана шектеуден гөрі, өз өңдеу өнеркәсібін дамытуға қажетті экономикалық жағдай қалыптастыру маңызды.

– Бірақ бүгінде кен өндіруші компаниялар мен металлургиялық зауыттар өңдеу шарттары туралы өздері келісім жасай алмай ма? Мұнда мемлекеттің араласуы не үшін қажет?

– Келісім жасай алады.

Бірақ бүгін баға туралы келісу мүмкіндігінің болуы сол баға зауыттың тұрақты жұмыс істеуіне және дамуға инвестиция салуына мүмкіндік береді деген сөз емес.

Біз әлемдік TC мөлшерлемелері туралы айтып өттік.

2026 жылы оның негізгі бағдарлық көрсеткіші нөлге дейін төмендеді.

Бұл – нарықтағы жағдайдың нәтижесі.

Бірақ бұл металлургиялық кәсіпорындардың нақты шығындары да нөлге түсті дегенді білдірмейді.

Осы жерде қайшылық пайда болады.

Қазақстан өз өңдеу саласын дамытуды, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды және жаңа қуаттарға инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Бірақ өңдеу құны тек әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайға байланысты болса, мұндай инвестицияны қалай қамтамасыз етуге болады?

Сондықтан мен қазір талқыланып жатқан мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін қолдаймын.

Менің ойымша, министрлік ұсынған тәсіл дәл осы проблеманы шешуге бағытталған.

Зауыттардың шығынын мемлекеттік бюджет есебінен өтеудің орнына өндірістік шығындарды, нормативтік табысты және инвестицияларды есепке алатын экономикалық негізделген тариф белгілеу ұсынылып отыр.

Мұнда маңызды мәселе – әңгіме жай ғана өңдеу ақысын көтеру туралы емес.

Әдістеме нақты жобаларға салынатын инвестицияларды тарифке енгізуге мүмкіндік береді.

Жаңғырту шығынын тарифке қоспақсың ба?

Онда шығынды негізде, жобаны ұсын және оның қандай нәтиже беретінін көрсет.

Меніңше, реттеудің негізгі логикасы осы болуы керек: зауыттарға қосымша табысқа кепілдік беру емес, өндірістің дамуына экономикалық жағдай жасау.

Сондықтан мен бұл әдістемені ең алдымен инвестициялық құрал ретінде қарастырамын.

Бізге жұмыс істеп тұрған металлургиялық қуатты сақтап қана қоймай, оны жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік беру керек.

Және мұны мемлекеттік бюджеттен тұрақты қолдау көрсету арқылы емес, жеке инвестиция есебінен жүзеге асырған дұрыс.

Мысты экспорттау ма, әлде болашақ ұрпақ үшін өнеркәсіп құру ма?

– Айдархан, біз металлургияның проблемалары мен инвестиция қажеттілігі туралы көп айттық. Ал өзіміздің өңдеу саламызды дамыту ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанға не береді?

– Меніңше, бұл жерде металлургияны дамыту мыс өндірісінің көлемін жай ғана көбейтуден әлдеқайда үлкен нәтиже беретінін түсіну маңызды.

Металлургиялық зауыт тұтас бір өнеркәсіптік тізбектің даму орталығына айналады.

Бір жағынан, ол шикізатқа тұрақты сұраныс тудырып, кен өндіруді, геологиялық барлауды және байытуды ынталандырады.

Екінші жағынан, келесі өңдеу сатыларындағы кәсіпорындарды металмен қамтамасыз етеді.

Бұл – мыс сым дайындамасы, кабель, сым, фольга, электротехникалық және басқа да өнімдер өндірісі.

Бүгінде Қазақстанда осындай өндірістердің үлесі аз – шамамен 5 пайыз ғана.

Ал дәл осы бағытта өнеркәсіпті дамыту мен инвестиция тартудың қосымша мүмкіндіктері бар.

Әсер мұнымен бітпейді.

Металлургиялық кәсіпорындардың айналасында көлік, энергетика, машина жасау, жөндеу және сервистік компаниялар дамиды.

Инженерлерге, технологтарға және басқа мамандарға сұраныс артады.

Білім беру мекемелері, инфрақұрылым және өнеркәсіптік қалалардың өзі дамиды.

Балқаш зауытын мысалға алайық.

Ол 1938 жылдан бері, яғни тоқсан жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді.

Осы кезеңде бірнеше буын қызметкер ауысты, ал кәсіпорын тұтас бір қаланың экономикасының тіректерінің біріне айналды.

Сондықтан жаңа металлургиялық қуаттарды салу мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды тек инвестицияның өтелу мерзімімен бағалауға болмайды.

Олардың экономикалық әсері өндірістің өз шекарасынан әлдеқайда кең.

Бұл – жұмыс орындары, салық түсімдері, сабақтас салалардың дамуы және ел ішінде өнеркәсіптік құзыреттерді сақтау.

Сонымен қатар өз металлургиясының болуы Қазақстанның халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықтағы мүмкіндігін кеңейтеді.

Шетелдік серіктестерге мыс концентратын ұсыну – бір басқа.

Ал олармен бірге металл және жоғары деңгейде өңделген өнім өндіретін жобаларды дамыту мүмкіндігі – мүлдем басқа.

Сондықтан мен табысты тек қанша мыс өндірілгенімен өлшемес едім.

Металлургияның айналасында қанша жаңа өндіріс, қанша жұмыс орны және қанша технологиялық құзырет пайда болғанына да қарау керек.

Өйткені металлургияға салынған инвестиция – бір ғана экономикалық циклге емес, бірнеше ұрпаққа арналған инвестиция.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары