Әнші Төреғали Төреәлі Threads желісінде қысқа жазба жариялап, оқырмандарының назарын аударды. Өнер иесі сөзінің қандай жағдайға қатысты айтылғанын түсіндірмеген. Жазба астында түрлі пікір қалдырғандардың арасында Роза Аширбаева да бар, деп хабарлайды Malim.kz.
Төреғали Төреәлі өзінің расталған парақшасында:
"Әйел шешінбей, мәселе шешілмейді", — деп жазған.
Әнші бұл сөйлемге қосымша түсініктеме бермеген. Сондықтан оның нақты нені меңзегені, жазбаның қандай оқиғаға байланысты жарияланғаны белгісіз.
Оқырмандар не деді?
Жазба астында желі қолданушылары әртүрлі пікір білдірген. Бірі әншінің сөзін әзілге айналдырса, енді бірі мұндай жазбаны жариялауына қатысты сын айтқан.
"Базар жоқ, Тредсте өтеді бұндай, просто фейкпен жазу керек та ондайды", — деген қолданушылардың бірі.
Тағы бір оқырман: "Алдыңғы посттары өтпеген соң бір осылайынан жазып көрейін дегені шығар", — деп болжам жасаған.
Роза Аширбаева да пікір қалдырып:
"Телефонын алып қою керек", — деп жазған.
Бұл – жазбаға қатысты оқырмандардың жеке пікірлері. Әншінің өзі жарияланымының мақсатын ашып айтпағандықтан, оны белгілі бір оқиғамен немесе адаммен байланыстыруға негіз жоқ.
Ұсынылған скриншот түсірілген сәтте жазба 871 мың қаралым жинаған. Сондай-ақ оған 10 мыңнан астам ұнату белгісі басылып, мыңға жуық пікір қалдырылған.
Кейін өлең жолдарын жариялады
Осы жазбадан кейін Төреғали Төреәлі парақшасына төрт жол өлең салған:
"Айтамыз біздер ақын деп,
Жырлары от боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған!"
Жарияланымға Threads парақшасының соңғы 30 күндегі қаралымы бір миллионға жеткенін көрсететін сурет тіркелген. Онда 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 24 қазан аралығы көрсетілген.
Алайда әнші бұл өлеңнің алдыңғы жазбасына жауап екенін нақтыламаған. Екі жарияланымның өзара байланысы туралы да түсініктеме бермеген.
Еске салайық
Бұған дейін Malim.kz Төреғали Төреәлінің туған күніне орай ерекше видео жариялағанын жазған. 15 қазанда шыққан материалда әншінің 34 жасқа толғаны айтылған. Өнер иесі бейнежазбасына "Ал, құттықтай берсеңіздер болады, ағайын!" деп жазған. Ал жұбайы Толқын оған денсаулық пен отбасылық амандық тілеген.
Төреғали Төреәлі кім?
Төреғали Төреәлі – қазақстандық әнші, ақын әрі актер. Ол 1992 жылғы 14 қазанда Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған. Студенттік және республикалық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанған.
Кейін эстрадаға бет бұрып, "Алло", "Бір түрлі қыз", "Қазақ қызы" секілді әндерімен танылды. Кино саласында да өнер көрсеткен. Жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы. Әнші шығармашылығымен қатар, отбасылық өміріндегі сәттерді де әлеуметтік желіде бөлісіп тұрады.